Әуежайда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери ротаның командирі Мейірхан Ақарбековті әріптестері, туыстары мен әкімдік өкілдері күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін 25 қызметкерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Соның ішінде Маңғыстауда қызмет етіп жүрген командир Мейірхан Ақарбеков те бар.
Ол 1992 жылы 16 мамырда дүниеге келген. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген. Ақтау қаласының әртүрлі әскери бөлімдерінде әскери борышын өтеп, Ақтау қаласындағы 51809 әскери бөлімінде командирдің орынбасары, кейін командир болды. Ал қазір Мейірхан Ақарбеков Бейнеудегі радиолокациялық ротаның командирі.
- Отан алдындағы қызметімді ескеріп, бас қолбасшыдан марапат алдым. Жоғарғы басшылық пен бригада командиріне алғысым шексіз. Барлық азаматты Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын, - деді Мейірхан Ақарбеков.