Ақтауда ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында "Тарих толқынындағы Маңғыстау" халықаралық ғылыми конференциясы өткізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Конференция Арал-Каспий аймағының тарихи-мәдени мұраларын ғылыми зерттеу , сақтау, пайдалану мен танымал ету бойынша өзекті мәселелерге арналады.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінен және өзгеде шетелдік ғалымдар, тарих, этнография, этнология, археология, реставрация, мәдениеттану салаларының ғалымдары, мемлекеттік деңгейдегі қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференцияның негізгі бағыттары: Арал-Каспий аймағы халықтарының тарихи, этнографиялық ғылыми зерттеулерін тоғыстыру, "Ұлы Жібек жолы:Еділ-Каспий маңы аралық коридор" археологиялық зерттеулер қорытындылары, көшпелілер өркениетінің тарихи-сәулет мұраларының шығу тегі, эпиграфикалық және петроглифтік зерттеулер, тарихи-мәдени мұра обьектілерін зерттеу, қорғау-сақтау, музеефикациялау және қалпына келтіру мәселелері, тармхи мәден мұра саласында туризм дамыту әлеуеті, Маңғыстау мен Үстірт ескерткіштері бойынша тарихи-архивтік және библиографиялық зерттеулер.
"Тарихты түгендеп бір ізге түсіру мақсатында өткізіліп жатқан бұл шараның маңызы ерекше. Өткеніміз туралы дәлелді, дәйекті мәлімет беру - жауапкершілігі зор жұмыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қарашада өңірімізге сапары аясында жұртшылықпен кездесуде : "Киелі Маңғыстауды 362 әулиенің мекені деп бекер айтпаған. Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата секілді тұлғаларды күллі қазақ Пір тұтады. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болды. Маңғыстау өлкесі киелі орындарымен әйгілі. Мұндай бірегей нысандар дүние жүзінде де бірен-саран"-деген еді. Маңғыстау облысында мұндай конференция алғаш рет 2007 жылы, кейіннен 2010, 2019 жылдары "Каспий - достық теңізі" фестивалі аясында "Каспий-Арал өңірі тарихи-мәдени мұралары" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы негізінде өткізілген еді. Қазіргі таңда Маңғыстауда республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіліміне 20 нысан енгізілді. Оның 16-ы - тарихи кешен, 4-уі - қала құрылысы және сәулет кешені. Ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізілімінде облыс бойынша барлығы 570 нысан бар. Аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер реставрацияланып, сәулет пішімдері қалпына келтірілуде. Жергілікті бюджет есебінен Ақмыш табиғи сайы аумағында абаттандыру жүргізілуде. Сонымен қатар "Қызылқала" қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау үйі ескерткіштерін қазіргі заманға сай пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында реставрация жүргізіліп, қолданысқа берілді. Өңірде жедел түрде қорғау-сақтау шараларын қажет ететін 22 тарихи -мәдени мұра белгісі бар.Оның ішінде мәдениет саласының тұжырымдамасына енген жоғарғы Маяк, шіркеу, Қарауыл-Күмбет ескерткіштеріне ЖСҚ жасақталды,-деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.
"Бір кездері Ұлы Жібек жолында, тоғыз жолдың торабында орналасып, татулық пен бірлікке, экономикалық өрлеуге бастаған және 362 әулиелі киелі мекен саналған ұлы дала Маңғыстау жері қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі болды. Ерте заманда өмір сүрген бағлан бабаларымыздың әр салада қол жеткізген жетістіктерін зерттеп, жоғалғанын тауып, бұзылғанын қайта қалпына келтіріп, тарихтың сырларына үңіліп, халық игілігіне беру - келешек ұрпақ алдындағы парыз. Үстірт жазығы мен Маңғыстау түбегінде сан ғасырлық тарихы бар құрылымдар мен ескерткіштер, қорғандар мен керуен сарайлар шоғырланған. Бұның бәрі әлемдік ғылым кеңістігінде үлкен қызығушылық тудыруда. Әр ескерткіштің адамзат тарихын тани түсуде маңызы зор. Археологиялық-қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталған құнды деректер ертеңгі күнге сеніммен қарауға ықпал етеді. Маңғыстау өңірінің теңдесіз сәулет ескерткіштерінің бірегейі жер асты мешіттері екендігін атап өткен жөн. Конференцияда көтерілген мәселелер осы саланың кенже қалған тұстарын дамытуға септігін тигізеріне сенім мол. Ел тарихын зеттеудегі сала қызметкерлерінің еңбегіңін біз жоғары бағалаймыз",-деді ҚР Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы
Голрох Жеменей