"Кazakhstan Active Rehabilitation" қоғамдық қорының басшысы Руслан Ғайбатов тұрғын үйлер мен ғимараттарға жайлы пандустар орнатылмауы Ақтаудағы мүгедектердің басты мәселесі екендігін айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасай отырып.
Дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы орган мен ҮЕҰ өкілдері қатысты. Негізгі мақсат-мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және осы саладағы бірқатар мәселелерді шешу. Іс-шара аясында "Kazakhstan Active Rehabilitation" қоғамдық қорының басшысы Руслан Ғайбатов екі ай ішінде жүргізілген зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.
Ол "Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және дамыту" жобасы аясында шағын грант иегері болды.
"Мен аймақтағы 5 аудан мен 2 қаланы аралап, зерттеу жүргіздім. Барлығы 61 адамнан сұхбат алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергілер туралы фактілерді жинадым",-деді Руслан Ғайбатов.
Қоғамдық қор басшысының айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үйдің жайлы болуы маңызды. Өйткені, қазір салынған үйлерге кіру және шығу қиын, кіреберістерде пандустар орнатылмайды. Іс-шара барысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсаңгүл Досполова мүгедектігі бар адамдардың 85% - ы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
- Өңірде мүгедектігі бар 30 мыңнан астам азамат тіркелген. Оның ішінде 7000 - ға жуық мүгедек бала бар, - деді Жайсаңгүл Досполова. Іс-шара Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша және "Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы" ЗТБ "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ қолдауымен "бір терезе қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың азаматтық орталығын ұйымдастыру және дамыту" жобасы шеңберінде іске асырылады.