Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қоқыс шығаратын компания басшыларымен кездесті. Жиында қала әкімі қоқыс шығарушы компания өкілдеріне сапалы жұмыс істеуді тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала аумағында тұрғындардан шығарылған қоқысты полигонға тасымалдаумен айналысатын 8 компания бар. Олар - «Каспий Оперейтинг» ЖШС, «Мұнайлы қызмет» ЖШС, «СоцСервис-А» ЖШС, «Евро Сервис Джо» ЖШС, «Атамекен-Тазалық» ЖШС, «WRC» ЖШС, «Эко Каспий» ЖШС, «Көктем-Тазалық эко» ЖШС. Қала әкімі егер компаниялар жұмысын дұрыс жасамаса, әкімдік қоқыс шығарудың басқа жолын қарастыратынын жеткізді.
-Тұрғындар тарапынан қоқыс мәселесіне байланысты наразалықтар бар. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіңіздер. Мемлекет қоқыс шығару мәселесін бәсекелестік ортаға берген болатын. Егер қоқыс шығару мәселесінде дұрыс деңгейде қызмет көрсетілмесе, онда бұл саладағы сұрақты басқа жолмен реттейміз. Әрбір қоқыс шығарушы компания өкілдері қызмет көрсететін тұрғын-үйдің мүлік иелері бірлестігі(МИБ) мен пәтер иелері кооперативімен(ПИК) келісімшартқа отырып, тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Қоқыс шығарушы компанияларға төлемін уақытылы төлемейтін тұрғындар болса, заңгер арқылы мәселені шешіңіздер. Техникалардың GPS-арқылы жиналған қоқысты нақты қоқыс полигонына тастағандығын да тексеріңіздер, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.