Ақтауда 9-13 жас аралығындағы балаларға арналған «Қош келдің, жаңа жыл! Жаңа белес, жаңа арман» атты Ақтау қаласы әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
-Осындай мерекелік шаралар балалардың көңіл күйін көтеретіні сөзсіз. Жаңа жылда барлығы жақсылық күтеді. Сондықтан келер жылға артылған үміттер ақталып, армандар орындалсын! Жаңа жыл жақсылығымен келсін,- деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмут Шағырбаев.
Іс-шарада балалар ән айтып, би биледі. Танымал әнші Димаш Құдайбергенов балаларды бейнежазба арқылы жаңа жылмен құттықтады. Балалар мерекелік шыршада шоу-спектакль тамашалап, ескі жыл – барыс пен жаңа жыл – қоянның қойылымына куә болды.
Айта кетейік, жаңа жылдық шыршаға Ақтау қаласына қарасты 28 мектептен жекелеген санаттар бойынша 250 бала қатысты. Әр балаға тәттілер мен 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.