Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті XІІ сессиясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, қалалық мәслихат депутаттары және бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде 2023 жылға арналған қалалық және Өмірзақ ауылы бюджетінің атқарылуы бойынша есепті бекіту, қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қаңтардағы №23/184 округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар отырыста шағынауданның ішкі жолдарын жөндеу мәселесі қозғалды. Жиында қала әкімі Ұлықбек Тналиев шағынаудандардың ішкі жолдарына 48 мың шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары жасалатынын айтты.
-Ақтау қаласындағы шағынаудандардың ішкі жолдарына биыл 48 мың шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары жасалады. 11 шағынауданда 9000 шаршы метр асфальт төселді. Қазіргі таңда мердігер компанияның қызметкерлері 14 шағынауданның ішкі жолдарында шұңқырлы жөндеу жұмыстарын істеуде. Бұл жұмыстар басқа да шағынауданда жүргізіледі. Одан бөлек қаладағы жылу желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 12,4 шақырым жылу желілері жаңартылады. Төменгі шағынаудандарды абаттандыру жылу желілерін жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін жасалады, - деді Ақтау қаласының әкімі Тналиев.
Сондай-ақ, жиында «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралды. «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын беруге ұсынылған азаматтар қатарында «Мейірбике» колледжін ашқан, медицина саласының ардагері Сағымбаев Әлімжан Үсенұлы, Ақтау қаласының тарихын алғашқы күннен бастап суретке түсірген ардагер фотограф Малюк Виктор Дмитриевич, облыстың балалар травматлогия-ортопедия саласындағы ең бірінші хирург Ережепов Ғабидулла Жеткізгенұлы, БАҚ саласының ардагері Мыңжас Темір Мыңжасұлы, физика саласының ардагер ғалымы Дүйсембаев Баймұханбет Мадиұлы, ҚР мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері, мәдениет саласының дамуына үлес қосқан Базарбаев Бекбол Таңатарұлы, ұстаз-педагог, әдебиеттанушы ғалым Қабылов Әділет Дыбысұлы, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұстапаев Рашит Тұранұлы, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан құрылысшы Теміртасов Серік Әменұлы, меценат, «Оңдасын Строй» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Боранбаев Бердіқожа Оңдасынұлы, «Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервін даярлау орталығы» КММ басшысы Бисекенов Манарбек Жұбатқанұлы бар. Сессия қатысушылары аталған азаматтарға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын беруді бірауыздан қолдады.