Қала әкімі Ұ. Тналиев әкімдік парақшасы арқылы қала тұрғындарына үндеу жариялады. Жеке парақшасына да жарияланған видео хабарламада әкім жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары туралы түсіндіріп өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
9 қазан күні түнде әкім Ұлықбек Тналиев қалалық әкімдік алдындағы қоршау тұрғындардың өтініші бойынша алынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, аталған аумақта абаттандыру жұмыстары жалғаспақ.
- Құрметті қала тұрғындары! Әлеуметтік желіде әкімдік алдындағы қоршауға қатысты бірнеше жарияланым болды. Осы мәселе бойынша түсіндіру жүргізсем. Байқасаңыздар, аталған аумақта қоршауды алу жұмыстарын бастадық. Сондай-ақ демеуші есебінен жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл аумақта әлі жасыл желектер отырғызылып, абаттандыру жалғастырылуы тиіс еді. Қалалық әкімдік алдындағы кеспе тастар(брусчатка) ұзақ жылдар бойы ауыспаған. Осы мақсатта демеуші іздеуді жалғастырудамыз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын, - деді қала әкімі Ұ. Тналиев.
Айта кетейік, осыған дейін әкімдік алдына демеуші есебінен абаттандыру жүргізіліп, демалыс алаңы салынады деп хабарланған еді.