Маңғыстау Антикор "Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінде" жер заңнамасын сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Мониторинг қорытындысына сәйкес әкімдік бұрын теңіз жағалауынан жер телімдерін 21 жеке және заңды тұлғаға еш негізсіз рәсімдеген. Жер кодексінің талаптарына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет шеңберінде сауда-саттықты (аукциондарды) өткізбей, іргелес аумақтарда қосымша жер учаскелерін ұсыну көзделген.
"Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген жер пайдалану саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жер пайдаланушы бөлімге электрондық куәландырылған өтініш пен сұратылған учаскенің сызбасын ұсынады, олар заңнамада белгіленген мерзімде уәкілетті органдарға (ЖерҒӨО, коммуналдық мекемелер және т.б.) келісу үшін жіберіледі және олардан оң қорытынды алғаннан кейін құқық белгілейтін құжаттар ресімделеді. Бұл ретте тиісті бөлімнің лауазымды адамдары жер пайдаланушыдан қосымша құжаттар сұратуға және жер учаскесін көзбен көруге өкілеттілігі жоқ",- делінген қалалық әкімдіктің хабарламасында.
Әкімдік барлық 21 жер учаскесі бойынша тиісті құқықтарды ресімдеу жер заңнамасының нормаларына сәйкес және мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жүзеге асырылғанын атап өтті.
"ҚР Жоғарғы Сотының 16.07.2007 ж. нормативтік қаулысына сәйкес жер құқықтық қатынастары саласы бойынша туындайтын барлық даулар сотта қаралуы тиіс. Осыған байланысты "ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитетінің Маңғыстау облыстық жер ресурстарын басқару департаменті" РММ-ге сотқа талап-арыз беру тәртібімен 21 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару бойынша ұсыныс жолданды. Қазіргі таңда аталған жер телімдерін сот заңсыз деп таныған жоқ, сондықтан алдын-ала қалалық әкімдіктің бұл әрекетін "заңсыздыққа" балауды негізсіз деп санаймыз", - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Әкімдік биыл қаңтар айында сот уәкілетті органның қосымша жер телімдерін беру деректері бойынша талаптарын қанағаттандырусыз қалдырғанын хабарлады.