Бүгін Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев мемлекеттің қаржысына салынып жатқан нысандардың жұмысымен танысты. Қазіргі таңда Ақтауда 19А ш/а №41 учаскесінде 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалған 1 тұрғын үй биыл қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі 33 шағынауданда салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Анвар Туляковтың айтуынша, 33 шағынауданда «Аққу-3» көппәтерлі екі тұрғын үй 2021 жылдың маусым айында пайдалануға берілген, үшінші бөлігін 2024 жылдың ІI тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев мемлекеттің қаржысына салынатын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапасына жіті мән беруді тапсырды.
- Мемлекеттің қаржысына салынған тұрғын үйлер мен нысандарды жіті тексеріп, қабылдап алу қажет. Мәселен, өткенде ғана тұрғындар шу шығарған дәл осы «Аққу-3» шағынаудандағы екі тұрғын үйде электр энергиясының жиі өшіп қалуы осындай олқылықтың дәлелі. Тұрғындар кейін шағым айтпас үшін кез келген жобаны бастарда немесе аяқтағанда "жеті рет өлшеп, бір рет кесіп" шешім шығару керек. Себебі, бұл - әкімдіктің, онда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкердің абыройы, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ұлықбек Тналиев құрылыс бөліміне қалада салынып жатқан нысандар жайлы ақпаратты біліп, архитектура бөлімімен қала құрылысын назарда ұстау керектігін айтты. Құрылыс саласына жауапты қала әкімінің орынбасары Имаммахмуд Шағырбаев айтылған ұсыныстың барлығы ескерілетінін жеткізді. Бұдан бөлек қала басшысына 19 ш/а салынатын жол мәселесі туралы да ақпарат берілді.
- 19 шағынаудандағы ішкі автомобиль жолдарына жол жиектері төселіп, су бұру мен құдықтардың құрылысы аяқталды. Қазан айында асфальт төселеді. Жоба бойынша көшелердің жалпы ұзындығы - 2968,07 метр, - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Анвар Туляков.
Қала басшысы 35 шағынаудандағы жатақхананың жөндеу жұмыстарымен және «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты. Қала әкімі жатақхананы жөндеп жатқан мердігерге сапаға мән беру керектігін айтты.