Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 12 шағынаудандағы №42, 47, 32, 34 тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу тораптары мен пәтер ішіндегі жылу жүйесін тексерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
- 12 шағынаудандағы №42, 47, 32, 34 тұрғындары бейнежазба жазған. Алдынан бері қалада жылу желілеріне реттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір 12 ш/а №42, 47, 32 үйге барып тексеріп шықтық. Кейбір пәтерде жылу болса, кейбірінде жылу жеткілікті деңгейде еместігін көрдік. Мында жылудың айналымында(циркуляция) мәселе бар. Қазір соны реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар көптеген үйде тұрғындарымыз пәтерішілік жылу жүйесін өзгерткендігін байқадық. Мәселен, кейбір тұрғындар батареяны балконға шығарған, айналма(перемычка) құбырлары жоқ. Айта кететін жайт пәтер ішіндегі батарея жарылған жағдайда, оған меншік иесі өзі жауапты. Тұрғындар үйді күтіп ұстауға жауапты мекемемен(ПИК, МИБ) байланыста болып, ортақ жұмыс жасауды ұйымдастыру керек. Сонда ғана мәселе толығымен шешіледі. Жылу мәселесі бірлесіп жұмыс істеген кезде ғана шешілетіндігін жеткізгім келеді. Мен барша тұрғынды сабырға шақырамын. Қазір көптеген нысанда жылуды артығымен(перегрев) пайдалану фактісі анықталуда, аталған мәселені қарастырып, жылу қысымын реттеп жатырмыз. Соңғы кезде туындаған жылу мәселесі магистральдық құбырдағы апат кесірінен болды. Ол үшін реттеу жұмыстарын жүргізуді қажет. Сондықтан түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз, - деді қала әкімі.
Ал Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері аталған үйлердің кейбіріне жылу келіп тұрғандығын айтты.
- 12 ш/а №42, 47, 32 тұрғын үйлердің кейбір пәтерін тексеру жұмыстары барысында пәтерлерге жылу келіп тұрғандығы анықталды. Пәтердің ішіндегі батареяларға келген жылу 42, 44 градусты көрсетіп тұр. Үйлердің жылу тораптарында тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ол жерде реттеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігі анықталды. Үйге қызмет көрсетуші мекемеге жылуды реттеу бойынша тиісті тапсырма берілді, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Аслан Сәбитов.