Ақшұқыр ауылының Мәдениет үйінде Анар Шамшадинованың «Жағада жазған жырлардан» атты шығармашылық кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шығармашылық кештің өтуіне Түпқараған ауданының әкімдігі мұрындық болған. Көрермендер жырмен сусындаған рухани кешке аудан әкімі Рахат Елтизаров келіп қатысты. Ауданның жергілікті өнерпаздары да кештің жақсы өтуіне атсалысып, өз өнерлерін көрсетті.
- Бұл кеш ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Анар Шамшадинованың шығармашылығына арналды. Кешті өткізудегі негізгі мақсатымыз – Ақшұқыр халқын рухани сергітіп, ақынның шығармашылығын кеңінен таныту, - деді Ақшұқыр мәдениет үйінің директоры Салима Базарбаева.
Кеште сахна шымылдығы «Аялаудан қолым талды» қойылымымен ашылды. Ізінше ақынның жырлары оқылып, өмірбаяны лэд-экраннан көрсетілді. «Бұл қалада бір адам бар» әні шырқалып, мәдениет үйінің қызметкерлері ақынның сөзіне жазылған ана туралы, «Сен келерсің бір күні», «Сен келдің ғой сол күні» сынды әндерін әсем орындап шықты.
- Шығармашылық кештің тақырыбына теңіз бен сезім толқыны табысып, жүрек түкпірінде бүр жарған жырлар легі арқау болды. Шындығында да мен теңізбен сырласамын, мұңымды шағамын, жан-дүниемді жырлаймын. Әр ақынның жаны тыныштық табатын жұмақ мекені әртүрлі ғой. Соңғы уақытта мен үлкен шығармашылық ізденістемін.Бүгінге дейін 6 кітабым жарық көрді. Былтыр үлкен шығармашылық кешім Ақтауда өтті. Биыл аудандарда өтіп жатыр. Нағыз жырлар әлі де жазылады деген ойдамын, - деді кеш иесі ақын Анар Шамшадинова.
Айта кетейік, бұған дейін Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен республикалық деңгейде Анар Шамшадинованың шығармашылық кеші Алматы қаласында өткен болатын. Алдағы уақытта осындай мәдени кешті Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.