Жуырда Маңғыстау облысында “Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен, Сорос-Қазақстан қорының демеушілігімен “Future jastar — Mangystau” атты IT жобасы өз бастауын алды. Жоба аясында ауыл мектептерінің 150 оқушысы бес ай бойы IT курстарынан өтеді.
Азаматтық альянстың директоры Жібек Ахметованың айтуынша, бастаманың басты мақсаты — ауыл мектеп оқушыларының бағдарламалаудағы әлеуетін мен дағдыларын арттыру.
Жоба әзірге облыстың үш мектебінде — Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылының №14 орта мектебі және Маңғыстау ауылының №11 орта мектебі мен Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының Маршал Абдықалықов атындағы орта мектебінде — жүзеге аспақ.
— Бұл жобамыз пилотты болғандықтан, курстарды тек үш мектепке енгізгелі отырмыз. Үш мектепті қалаға жақын болғандықтан, оқушылардың Ақтауға қатынауы жеңіл болсын деп таңдадық. Айта кетерлігі, бұл курстар мектеп бағдарламаларына әлдеқашан енгізіліп қойған. Алайда аталған үш мектеп жаңа болғандықтан, оларда әлі IT курстары толық бекітілмеген. Осы жоба аясында осы үш мектеп оқушыларының IT саласына баулитын боламыз, — дейді Ж.Ахметова.
Бастама аясында мектептердің 7-10 жас аралығындағы 100 оқушысы Scratch бағдарламау тілін үйренеді. Бағдарлама арқылы балалар интерактивті ойындар, анимация, суреттер құрастыра алатын болады. Ал HTML/CSS курсына 13-16 жастағы 50 оқушы қатысатын болады. Ол жерде балалар web сайттар жасауға үйренеді. Сондай-ақ оқушыларды өз бетімен әрі қарай оқыта алуы мен біліктілігін арттыруы үшін информатика мұғалімдері де аталған курстардан өтеді. Оқу ұзақтығы — 1 ай. Ал балалар 3 ай бойы аптасына екі сағат бағдарламалау тілдерін үйреніп, жобаның соңғы екі айында IT жобаларын жасақтайды.
Оқытуды “Азаматтық альянс” “Love to code Aktau” бағдарламалау мектебімен бірігіп іске асырғалы отыр. Бұл оқу орталығы қатысушыларды АҚШ, Ресей және Израиль IT мектептерімен бірігіп жасалған әдістемемен оқытатын болады.
Арай ЖАУПЕРОВA