Осы біздің жеп жүрген консервілеріміз бен шұжықтарымыз шынымен сиырдың еті ме? Алданып, шошқа жеп жүрген жоқпыз ба? Солай болуы да ғажап емес екен. Бұған жақында құзырлы орын қызметкерлері өткізген тексеру барысында көз жетті.
Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті биылғы қаңтар айында облыс аумағындағы 22 сауда нысандарынан өнімнің 266 (тағам және өндірістік тауарлар) түрін іріктеп алып, зертханалық сараптамадан өткізген. Сонда, департаменттің техникалық регламентерді бақылау бөлімінің басшысы Жарасхан Саламатованың айтуынша, өнімнің 17 сынамасы немесе 6,4% техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес емес болып шыққан. Барлық сараптамадан өткен өнімдердің таңбалануы бойынша 65% (11 сынама), микробиологиялық көрсеткіштері бойынш 2 сынама, ол 12%, қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша (жарамдылығы, сақтау мерзімінің өткендігі)—2/12%, физико-химиялық көрсеткіштері бойынша өнімнің 1 түрінде сәйкессіздік анықталды.
Мониторинг барысында іріктеп алынған 184 түрлі тамақ өнімдерінің 17 түрі (9,2%) зертханалық сараптама қорытындылары бойынша талапқа сай келмеген. Талапқа сай емес барлық тағам өнімдерінің ішінде ет және ет өнімдерінің 20 сынамасының 4-нен (20%) сәйкессіздік анықталды. Оның ішінде Ақтау қаласындағы 1-шағын ауданның 12-ғимаратында орналасқан «Идеал Маркет» ЖШС-не қарасты «Лидер» дүкенінен іріктеп алған сиыр еті деп сатылған 3 өнімнен зертханалық сараптама қорытындысында шошқа ДНК-сы табылды. Олар мына өнімдер:
Пісірілген шұжық өнімдері «С говядиной» сосискалары, өндірушісі: РФ, Саратов обл «МК» АГРОТЕК ЖШҚ;
Ет-өсімдікті консервілер «Тушенка кусковая говожья», өндірушісі: РФ, Мәскеу қаласы, Троицк қаласы «Орелпродукт» АҚ;
Бұқтырылған стерильденген сиыр еті жоғары сұрыпты, өндірушісі: РФ, Мәскеу қаласындағы «Қорған ет комбинаты» ЖШҚ стандарт.
Ал құс және құс еті өнімдерінің тексерілген 9 түрінің үшеуі талапқа сай таңбаланбаған.
Сондай-ақ қаңтар айында сүт және сүт өнімдерінің 24 түрлі сынамасына сараптама жүргізіліп, оның 4-і (17%) талапқа сай еместігі анықталды. Ақтау қаласында орналасқан «Millina Food Production Company Ltd» ЖШС сүт зауытының 2 өнімінен (мейіз қосылған тәтті сүзбе) ішек таяқшалар тобының бактериясы (БГКП) табылды. Аталған зауытқа жоспардан тыс тексеру жүргізіліп сапасыз 240 кг өнім сауда айналымынан алынып тасталды және жауапты тұлғаға 304865 теңге айыппұл салынды.
Жаңа өзен қаласында жүргізілген мониторинг барысында ЖК Д.Елтезерованың «Аян» және «Дарья» дүкендерінен сақтау мерзімдері өткен жартылай ысталған «Варшавская» шұжығы мен майлылығы 6% сүт (Петропавловское питьевое молоко) анықталды.
Сонымен қатар мониторинг барысында іріктеп алынған тамақ емес (өндірістік) өнімдердің арасында балалар ойыншықтары, киімдер, аяқ киімдер, тұрмыстық химиялық тауарлар, гигиеналық бұйымдар, терезе жуатын сұйықтықтар, парфюмерия мен косметика, тамақпен жанасатын материалдар тексерілді. Құрамындағы қауіпті заттарды анықтау мақсатында 82 түрлі өндірістік тауарлар іріктеп алынып, оның ішінде балалар ойыншықтарының 13 түрлі сынамасы сараптамадан өтті. Олардың арасында талапқа сай емес ойыншықтар анықталған жоқ.
Зертханалық сараптамадан өткен 3 түрлі асханалық құралдардың (асханалық құралдар жиынтығы, шанышқылар мен қасықтар) коррозияға тұрақсыз, тез таттанатындығы анықталды. Олардың барлығы Қытайда өндірілген.
- Өнім қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг қорытындысында анықталған кемшіліктер бойынша 3 санитарлық ұйғарымдар берілді және кемшіліктерді жою жолдары көрсетілді, - дейді Ж.Саламатова-Жоспардан тыс тексерулер бойынша 1 әкімшілік іс қозғалып, кәсіпкерлік субъектілеріне 304865 теңге айыппұл салынды. 2020 жылдың бір айында талапқа сай емес 240 кг сүт өнімі сауда айналымынан алынып тасталды және жойылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА