Маңғыстау жастары " Жастар үйі" ғимаратында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Жігер Ауыпбаевпен еркін форматта кездесіп, сұхбаттасу алаңын құрды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО жастар ресурстық орталығына сілтеме жасап.
Кездесу барысында жастар Жігердің бала кезеңіндегі естімеген қызықты сәттеріне саяхаттап, бүгінде өнер сахнасында жеткен жетістіктері хақында әңгімесін тыңдады. Эстрадалық әнші өміріндегі қызығы мен шыжығы араласқан оқиғаларын, бағындырған белестері туралы айтты.
«Ән айтуды бала кезімнен жақсы көремін, мектеп жасымнан бастап той-томалақтарда ән айтып жүрдім. Алғашқы тапқан табысым екі жүз теңге, ол мен үшін бір дәреже болды. Ең алғаш «Леди дождя» әнімен сахнаға шықтым. Солай өнер жолына ақырындап аяқ бастым», - деді.
«Оқуға 4 жыл тапсырып, түсе алмадым. Бірақ, үйдегілерге оқуға түстім деп айтып қойдым. Қалай да оқуға түсем деп өзіме мақсат қойғасын, ақылы оқу бөліміне түстім. Ректор бір семестрді жақсы аяқтасаң, грантқа түсесің деген сөзі мені ынталандырып, сол мақсатыма жеттім» -деп сырларымен бөлісті.
Құрметті қонақ жанды дауыста әндер шырқап, жастардың ыстық ықыласына бөленді. Қазақ халқына «Меломен» тобының қатарында танымал болған әнші бүгінде жеке ән шырқап, өз репертуарымен қазақ өнерінің өркендеуіне үлесін қосып келеді. Кездесу соңында Маңғыстау жастары атынан белгілі өнер саңлағына алғыс білдіріп, сый-сияпат табыс етілді. Әнші өз тарапынан кездесу барысында қызықты сұрақтар қойып, белсенді қатысқан жастарға 7 ақпан күні Ақтау қаласында өтетін ән кешіне билеттер сыйлады.