Өңірдегі сұйытылған газды сату кезінде кездесетін жүйелі проблемалар Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің отырысында қаралады. Осы саламен айналысатын бір топ кәсіпкер газды сатып алу және сату кезінде кедергілер туындап отырғаны жайында облыстың кәсіпкерлер палатасына арызданып, көмек сұраған болатын.
Кәсіпкерлер ұжымдық арызында жергілікті әкімдік жанынан құрылған Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газына баға белгілеу мәселесі жөніндегі комиссиясы газдың бағасына шектеу қойып отырғанын мәлімдеген. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылғы қыркүйек айында өткен Комиссия отырысында сұйытылған газ сату бекеттерінде көгілдір отын құны 55 теңгеден, ал электронды сауда алаңы арқылы сатып алған жағдайда 60 теңгеден жоғары сатылуы туралы жұмыстар жүргізілуі тапсырылған.
Осыған байланысты аталған мәселені жан-жақты қарап, құқықтық баға беріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шара алу үшін Маңғыстау облысының прокуратурасына хат жолданды. Құзырлы орган осы мәселеге қатысты құжаттарды сұратып, қарап жатыр.
Арызда көтерілген тағы бір мәселе—сұйытылған газды электронды сату алаңы арқылы сауда-саттыққа шығару кезінде бағасы шектен тыс қымбаттап отырғаны. Бастапқыда 1 тонна газдың бағасы 43 000 теңге болып, кейін 80000-87500 (186%-203% қымбат) теңгеге сатылып жатқаны айтылады.
-Аталған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Маңғыстау облысы бойынша депаратаментіне сұйытылған мұнай газын электронды саудалау кезінде оның бағасына құқықтық баға беріп, заң талаптарына сәйкестігін тексеруді сұрап, хат жолданды. Аталмыш департамент Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің түсіндірмесіне сүйене отырып, «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің СМГ-ын электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге баға белгілеу әрекеттерінен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілері байқалмайтындығын хабарлады,-дейді Кеңес төрағасы Шымбай Сұлтанов.
Кәсіпкерлер электрондық сауда алаңдарында газ сату кезінде, оның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне сенімсіздік білдіріп, бұл шараны Маңғыстау облысында ұйымдастыру керектігін және ол үшін іскер азаматтардың өздері қатысуға дайын екенін жеткізген. Шымбай Сұлтановтың айтуынша, бұл мәселе бойынша қандай талаптар қойылатындығы туралы түсіндірме беру үшін Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына хат жолданды.
-Маңғыстау өңірінде сұйытылған мұнай газын сату, сатып алу процесі, газ бағасы электронды сауда алаңы арқылы белгілеуге толық көшу қазіргі таңда өзекті проблемалардың бірі,-дейді ол.-ҚР Газ және газбен қамту туралы Заңы 2012 жылдың 9 қаңтардында қабылданып, бірталай қосымша, өзгеріспен толықтырылуда. Ішкі тұтыну нарығы күннен-күнге өсуде. Баға электронды сауда алаңы арқылы белгілеуге көшуде. Қазіргі таңда газдың 20 пайызы ғана нарық заңы бойынша саудаланады.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес—өңірдегі облыс кәсіпкерлерінің заңды мүдделерін ұсыну, қамтамасыз ету және қорғау, туындаған күрделі, өзекті мәселелердің түйінін тиімді, жүйелі және шұғыл шешу үшін, сонымен қатар елдегі бизнестің дамуында қиыншылық туындататын мәселелерді қалың бұқараға жариялау мақсатында құрылған болатын. Соған орай Кеңес өзара әрекеттесу тәжірибесі арқылы, аймақ кәсіпкерлерінің пікірлері мен мәселелерін зерттеу дағдылары, олардың анағұрлым көкейкесті, күрделі және өзекті мәселелерінің түйіні оң шешімін табуына ықпалын тигізуде. Ал қоғамның, жергілікті билік пен бинес арасындағы ынтымақтастықтың кәсіпкерлерге заңға сәйкес өз құқықтарын қорғауға көмектесу арқылы нығаяры анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА