Маңғыстау облысы тұрғын үйді қолданысқа беру бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орынды алып, екінші жыл қатарынан әсерлі өсу қарқынын көрсетіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында облыста 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жалпы елімізде өткен жылы 13,1 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген.
Соңғы мәліметтерге сәйкес Маңғыстау облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету жан басына шаққанда 25 шаршы метрге жақындап келеді. Ал Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш бір адамға 21,9 шаршы метр.
Айта кетейік, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай бір адамға 30 шаршы метрді құрауы тиіс. Ақтаудың өзінде 13 жаңа шағын аудан салу жоспарланып отыр. Қала аумағы солтүстік-батыс бағытқа қарай ұзармақ.