Кеше, 21 қаңтар күні Өмірзақ ауылының әкімі Ербол Сарыев пен Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов халық алдында есеп берді. Онда 2019 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Биыл орындалатын бірқатар жобалар пысықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2019 жылы Өмірзақ ауылына жергілікті бюджеттен 403 413 000 теңге бөлінген болатын.
Ауыл әкімі Е.Сарыевтың айтуынша, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға, ауыл көшелерін жарықтандырып, көгалдандыруға, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастырып, санитарлық жұмыстарды жүргізуге жұмсалған.
«Сонымен қатар Призерный тұрғын үй массивіндегі су құбырларын жөндеу кезінде автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарына 35 млн теңге, Приморский түрғын үй массивіндегі кәріз құдықтарын жөндеуге 26 600 мың теңге, Приморский тұрғын үй массивіндегі кәріз станциясын қалыпқа келтіруге 3 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жыл соңында бюджет 96,7%-ға игерілді», - деді Ербол Сарыев.
Өмірзақ ауылы тұрғындарының саны жылдан жылға өсіп отыр. Бүгінде 7 155 адамды қамтыған елді мекенде жалпы білім беретін орта мектеп, дәрігерлік амбулатория және медициналық пункт, 6 балабақша, учаскелік полиция бөлімшесі, ветеринариялық станция және пошта бөлімшесі, кітапхана, коммуналдық мемлекеттік мекеме, жатақхана бар. Тұрғындардың әлеуметтік мәселелері де өз кезегінде оңтайлы шешімін тапқан.
Өмірзақ мектебінде 643 бала білім алып жатыр
Өмірзақ ауылының әкімі Ербол Сарыев есеп беру барысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру үшін 140 246 мың теңге бөлінгенін айтты. Қазіргі таңда ауыл мектебінде 643 бала бар. Ал 2018-2019 оқу жылынан бастап ауыл мектебіне 76 бала оқуға қабылданып, заман талабына сай білім алуда.
«Өмірзақ ауылына қарасты Приозерный, Приморский, Рауанда 800-ден астам мектеп оқушы Ақтау қаласындағы № 6, №22, №23 орта мектептеріне және Өмірзақ ауылының №27 орта мектебіне қатынап оқиды. Бұл ретте «Ақтау қалалық білім бөлімі» ММ-нен мектеп оқушыларын білім беру ұйымдарына тегін тасымалдауға 8 автобус қызмет көрсетіп отыр», - дейді ауыл әкімі.
Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен мектепте IT-сыныбы ашылды. Мектептің заманауи сыныбында 8-16 жас аралығындағы оқушылар бағдарлау негіздерін үйреніп, сандық технологиялар, компьютерлік модельдеу бағытында өз білімдерін жетілдіріп жүргендігі жиын барысында айтылды. Сондай-ақ 180 оқушы, оның ішінде 1-сынып оқушысы – 73, аз қамтылғын, көпбалалы отбасыдан шыққан 107 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
Жұмыссыздар саны төмендеді
Ауыл азаматтарының дені жұмыс таппай қиналатыны жасырын емес. Былтыр Өмірзақ ауылының 433 тұрғыны екі қолға күрек таппай жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Соның 21-і жұмысқа тартылса, 48 адам қысқа мерзімді мамандықта оқыған. Ал мемемелерге қоғамдық жұмысшы ретінде 44 адам жолдама алыпты. Е.Сарыевтың айтуынша, қазір 30 адам жұмыссыздық тіркеуінде тұр.
Десе де жұмыссыздық мәселесін жою мақсатында бірқатар жұмыстарды жүргізгені көзге көрініп-ақ тұр. Кәсіпкерлерді қолдау, ауылшаруашылығын дамыту арқылы ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, нәпақа табуына мүмкіндік берген. Нақтыласақ, былтыр бірнеше кәсіпкерлік нысандар ашылған. Онда 40-қа жуық тұрғын тұрақты жұмыс істеп, еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарына бос орын жәрмеңкесі өткізіліп тұратынын айтты.
Ауыз су құбыры тартылып, ауылішілік жол салынады
Есеп беру жиынында ауыл әкімі өзекті мәселелерге тоқталды. Соның ішінде Рауан тұрғын массивіне ауыз су құбырын тарту және ауылішілік жол салу жұмыстарының жүйелі орындалып жатқанын тілге тиек етті. Ауыл әкімінің айтуынша, мердігер мекеме «Ернұр Строй и К» ЖШС 227 млн 590 мың теңгеге орындап жатыр.
«Ал 2019 жылы бюджет есебінен құрылыс жұмыстарына 35 млн теңге, 2020 жылы 33 млн 277 мың теңге қаржы бөлініп, ендігі кезекте 159 млн 313 мың теңге қаржы бөлуді қажет етеді», - деді ауыл әкімі Ербол Сарыев өз сөзінде.
Ауылішілік жол салу «Алтын құрық» ЖШС-нің жауапкершілігінде. Мердігер мекеме ұзындығы 12 шақырым жолды 425 млн 589 мың теңге салады.
Осы ретте ауыл әкімі 2019 жылы бюджет есебінен құрылыс жұмыстарына 29 млн 450 мың теңге, 2020 жылы 98 млн 225 мың теңге қаржы бөлінгенін айтып, ендігі кезекте 297 млн 914 мың теңге қаржы бөлуді қажет ететіндігін көпке жеткізді.
Сонымен қатар халықтың сұранысы бойынша елді мекенде бірқатар жобалар дайындалып жатыр. Бұл жобаларға «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ-мен қаржы қарастырылып, мердігер мекемелермен нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.
Өмірзақ тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады?
Қос әкімнің халық алдында есеп беруі аяқталған соң тұрғындар сауал жолдап, әлі де шешімін таппаған проблемаларға тоқталды.
Ауыл тұрғыны Қожан Сейілбай өзекті мәселелерді жіпке тізгендей жинақтап, жергілікті басшыдан тұщымды жауап алуға тырысты. Ауыл тұрғыны алдымен кәріз жүйесінің сапасына сын айтты.
Ол: «Кәріз станциясын жөндеу жұмыстары қашан қолға алынады? Бұл өзі шешілетін мәселе ме?», - деп сұрады.
Бұл сұраққа Өмірзақ ауылының әкімі Ербол Сарыев жауап берді.
«2019 жылы кәріз станциясын жөндеуге 3 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазір 8 кәріз жүйесі бар болса, оның екеуі ауысқан болатын. Ал қалған 6 кәріз жүйесін ауыстыру жұмыстары наурыз айының соңына дейін аяқталады. Бұл атқарылатын жұмыстар үшін 17 млн теңге бөлінді», - деп жауап берді.
Ауыл тұрғындары қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмайтындығын айтты. Олар Өмірзаққа қатынайтын №5, №4, 4М автобустардың уақытылы жүрмейтіндігін, тіпті кейде ауылға бас сұқпайтындығын жергілікті басшыға жеткізді. «Мұндай олқылықтарды кім шешеді? Қоғамдық көлік қызметінің жұмысын кім қадағалайды?», – деген сұраққа қала әкімі Ғ.Ниязов жауап берді.
«30 жылдан бері осы қоғамдық көлік мәселесі халықтың назарынан тыс қалған емес. Әлі де шешімін таппай отыр. №5 автобус ең ұзақ, яғни 47 шақырым жол жүреді. Сондықтан оның келу жиілігі – 20 минут. Алдағы уақытта жоспар бойынша жаңадан 18 автобус қолданысқа енгелі отыр. Ал 4М автобусы жарты сағат сайын халықты тасымалдайды. Өздеріңіз білесіздер, қоғамдық көлікке төленетін 50 теңге – республика бойынша төмен баға. Қазір қоғамдық көлік қызметін сапалы ету үшін бәсекелестік жоқ. Сондықтан мұндай мәселелер жылда қайталанып отырады», - деді қала басшысы Ғалымжан Ниязов.
№4М автобусы демалыс күндері жүрмейді деген халық тұрғындарының арызына қоғамдық көліктің меншік иесі жауап берді. Оның айтуынша, тұрғындардың өзі аталған 4М автобусына мінбейді.
«Егер №5 бағыттағы автобустың жол жүру қашықтығын созуға әкімдік рұқсат берсе, қарсылығым жоқ. Ол кезде №4М автобусын тізімнен алып тастаймын», - деп отыр меншік иесі.
Сонымен қатар көшеде жүретін жабайы иттер тұрғындардың төзімін тауысқан сияқты. Ауыл тұрғындары бұл мәселені қалай шешу керек екендігін басшылықтан сұрады.
Қала әкімі Ғ.Ниязов жергілікті жауапты мамандарға тапсырма беріп, жүйелі түрде жұмыс істеуді ұсынды. Халықпен байланыс орнатып, жабайы иттермен күрес жүргізуді жалғастыратындығын жеткізді.
Ал ауыл жастары өз ұсыныстарын айтып, қос әкімге спорттық және балалар ойнайтын алаң салуды, мешіт және мәдениет үйін ашуды қамтамасыз етуін сұрады. Жергілікті басшылық та бұл ұсынысты қолдап, әр іске жауапкершілікпен қарайтынын ел алдында түсіндірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Талант ҚҰСАЙЫН