Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде республикалық ақпараттық үгіт-насихат штаб жұмысының тоқсанаралық қорытынды жиыны өтті. Жиынға агенттіктің басшылығы, сондай-ақ республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері қатысты. Бұл қатарда Маңғыстау облысындағы штаб жетекшісі, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева, орынбасары Әлия Телеуғали, журналистика ардагері Мейрамбай Қибасов, қоғам белсендісі Амалбек Имаш, Ш.Есенов атындағы КМТИУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының филиал жетекшісі Маржан Шамиева жәнереспубликалық адвокаттар коллега призидиумының мүшесі, белгілі адвокат Радик Өмірболатов, «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева, «Маңғыстау» телеарнасының басшысы Бекзат Жүсіп және «Сбербанк» АҚ филиал директорыДанияр Утюгеновболды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баршамыздың ортақ міндетіміз – «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың қажеттілігін айтқан еді. Қазіргі мемлекеттік аппарат азаматтармен өзара әрекеттесудің жаңа тәсілдерін көрсетіп, процестер алгоритмдерін азайтып, жұмыс сапасын жақсартуы керек.
Осылайша 2019 жылдың қараша айының соңында халықтың пікірін ескере келе қоғамда парасаттылық қағидаларын қалыптастыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан республикалық ақпараттық- үгіт-насихат штабы құрылды.
«Ақпараттық штаб 28 қараша күні Алик Жатқамбайұлының шешімімен құрылды. Өңірлердегі штабтарды ұйымдастырып, алғаш рет бас қосып жатырмыз. Ұлттық санасын оятып, елімізге, жерімізге қажетті дүниені жеткізетін ортаны жинау – осы штабтың құрылуының мақсаты негізгі мақсаты. Республика бойынша айналдырған екі айдың ішінде біраз орта жиналды. Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең үлкен қаруы – ұлттың санасын ояту. Қашанғы жұмыстан қуып, қамаққа алуға болады? Ендігі міндет – қоғамды ояту. Ақпараттық үгіт-насихат штабының міндеті – халық арасында, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында парасаттылық қағидалары арқылы қоғам мәдениетін дамыту үшін кең ақпарат тарату. Барлық облыстар мен қалалар тұрғындарын толығымен қамту үшін агенттік тарапынан 227 адамнан тұратын аймақтық ақпараттық үгіт-насихат штабтары жұмыс істеді», - деді Республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі, қоғам қайраткері, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада.
Республикалық ақпараттық үгіт-насихат штаб мүшелері – қоғам қайраткері, режиссер, жазушы – Ермек Тұрсынов, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI съезінің депутаты – Жабал Ергалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты – Ирина Смирнова, «Қазақстандағы парламентаризм қоры» басқармасының төрайымы – Зәуреш Батталова, тағы басқа да өкілдер.
«Кейінгі кезде агенттік халықпен тығыз жұмыс істеп келеді. Осындай ақпараттық орталық құру қажет деп санаймын. Халыққа қамқорлық жасау, қоғамды дамыту – мемлекеттің міндеті. Тәуелсіздікқарсаңындағы елең-алаң шақта, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі ығы-жығы күндерде Елбасының жанында жақын жүрген адамдардың бірімін. Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсі болған адаммын. Тәуелсіздік алып, тік тұрып, бой түзеп кету оңай болған жоқ. Сонда жұрт не үшін қуанды? Ел болдық, жерімізге ие болдық, жетілеміз деп қуандық. Бүгінгі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасап жатқан шаралары, қадамдары жақсы. Агенттіктің негізгі міндетінің бірі – халықтың үрейін алу емес, халыққа жағдай жасауға түрткі болу, қоғамның дамуына тұсау болатын кедергілердің алдын алуға атсалысу. Қазіргі заман – ақпараттың дәуірі. Сол себептен түкке тұрмайтын дүниелерді жалаулатпасақ екен, ақпарат құралдарында осыған кішкене сақ болса деген тілегім бар. Жұмыстарыңа табыс тілеймін», - деді Республикалық штабтың мүшесі, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
РҮНШ мүшелерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облыстарында тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, оқу орындарының өкілдерімен және студенттерімен кездесулер өтті. Жалпы республика бойынша 190 іс-шара өткізіліп, жалпы саны 23155 адамды қамтыды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтамай, мәдениетті қалыптастыру, ауқымды әлеуметтік өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес.
«Штабты ашып, сенім білдіргендеріңізге көп рақмет. Қазіргі уақытта Маңғыстау өңірі бойынша штаб құрамында 12 адам бар, бірақ шектеу жоқ. Естеріңізде болса, 20 мамыр күні Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне арналған жиын өткізген еді. Жыл сайын елімізде 2 мыңнан аса жемқорлық қылмысы тіркеледі екен. 1 мыңнан аса тұлға жауапкершілікке тартылады. Бұл дегеніміз – әртүрлі деңгейдегі соттар, түрме жазалары, тағдырлар. Президент жемқорлықты әлеуметтік дерт деп атады. Біз осыған бірауыздан келісеміз. Сондықтан мұны емдеу үшін, оның алдын алу керек. Жемқорлыққа қарсы күрес жазалаудан емес, оны болдырмаудан, профилактика жұмыстарынан басталуы тиіс деп ойлаймыз. Ақпараттық штабтың басы мақсатының бірі осы. Бұл бағытта біз әрқашан жұмыс жүргізуге дайынбыз», - деді үгіт-насихат штабының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева.
«Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Агенттік құрылымында «Парасаттылық», «Серіктестік» секілді жаңа департаменттер құрылды. Жаңа заңдар қабылданды. Енді кез келген мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда оның басшысы жауапкершілікке тартылады. Тіпті, саяси қызметтерде жүрген тұлғалар отставкаға кететін болады. Бұл – үлкен өзгеріс. Еліміздің барлық өңірлерінде антикор орталықтары ашылуда. Белсенді қоғамдық қызметкерлер бас қосып, жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Мониторингтік топтарда 3 мыңға жуық белсенді жұмыс істейді. «Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бірнеше кіші жоба бар,нәтижелер дебар. Еліміз Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды.Бұл бағыттарда алдымызда үлкен жұмыстар бар. Ең бастысы – қылмыстарды болдырмау, яғни алдын алу. Ауқымды жұмыстар нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта едәуір жетістіктерге жеттік деп айтуға болады. Халықаралық рейтингтерге көрсеткіштеріміз де жақсы. Былтыр ғана Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау деген рейтингінде Қазақстанның көрсеткіштері екі есеге өсті. 2018 жылы 19 пайыз болса, 2019 жылы 36 пайызға жеттік. Америкалық зерттеу орталығы бағалауы бойынша, еліміз Оңтүстік Корея, Израиль, Испания секілді елдермен бір деңгейде тұр. Франция астанасы Париждегі зерттеу орталықтары да оң баға беруде. Үлкен жетістіктер бар. Агенттік жанында жаңа бір тиімді тетік ақпараттық штаб пайда болды. Бұл біздің жұмысымызды одан әрі ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдіміз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.
Жүргізіліп жатқан жұмыс халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық қоғамның күш-жігерін ел игілігі үшін біріктіруге, өзекті мәселелерді шешуге және анықтауға көмектеседі. Белсенді қоғамның қолдауынсыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты тиімді жүргізу іс жүзінде мүмкін емес. Қоғам мен мемлекеттік аппарат арасында тығыз және өзара тиімді ынтымақтастық орнату – сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ жерде мықты және заманауи мемлекет құрудың басты факторы.Жиын соңында осы жылда жүзеге асырылуы тиіс міндеттер мен қызмет бағыттары айқындалды.
Жайық НАҒЫМАШ