Биыл Маңғыстау өңіріне ғана емес, бүкіл республика жұртшылығына есімі белгілі, абыройлы азамат, нағыз еңбек ері Бектұр Төлеуғалиұлы сексен жасқа толды. Зиялы ортада биік беделге ие, тағдыр жолы өнеге-тағылымға толы тұлға болмысын терең бағамдау ниетімен «Ғасырлар құндылығы» атты көк мұқабалы кітабын мұқият саралай оқып шықтым. Көп алғысын арқалаған ел ақсақалы туралы ізгі лепес пен оның кісілік кескін-келбетін аша, сонысыменазаматтық абыройын асқақтата түсер біраз дүниені көңілге түйгендей болдым.
Бектұр Төлеуғалиұлы Маңғыстаудың төл тумасы, 1940 жылдың қаңтарында Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылының Едгір деген жерінде дүние есігін ашқан. Көне тарих көкжиегіне көз жүгіртсек талай топтан озған тарланбоздар, тас жарған таланттар табаны тиген түбек топырағы – тұнып тұрған шежіре. Осындай киелі топырақта кіндігі кесілген нәресте өмірі мен келешегінің жарқын болуы табиғи заңдылық секілді. Бектұр Төлеуғалиұлының балалық шағы сұм соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа тұс келді. Олел еңсесін езіп, кеудесін жаншыған аса зор ауыртпалық пен зобалаңды бастан өткерген, соғыстан кейінгі жылдары тыл еңбегінде шыңдалған буын өкілі. Мақала арқауына айналған асқаралы азамат ең алдымен от пен оқ ортасында жүріп, жанын Отан үшін пида еткен жауынгердің ұлы. Бектұрдың әкесі Төлеуғали Қарақожаұлы 1944 жылы мамырда Варшава қаласының түбінде ауыр шайқаста қаза тапқан. Бүгінгі таңда батыр есімі Варшавадағы обелискте - жауынгерлік даңқ шежіресінде көзсіз батырлық пен айбынды қаһармандықтың өнегесі ретінде мәңгілікке қашалған.
Әке мейіріміне сусап өскен, қамкөңіл өренді жанкешті еңбек арқасында ардақты анасы жалғыз өзі есейтіп,ел игілігі жолын еңбек етуге тәрбиеледі. Талабы зор, ынталы жас, ерекше қарім-қабілет иесі оқу үрдісінде құймақұлақтығы әрі кітапқұмарлығымен де көзге түсті. «Болар бала – жасынан» демекші, мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол «Лениншіл жас» республикалық басылымдарына мазмұнды мақала, түйінді ойтолғам жазумен қаламгерлік сапарының ілкі қадамын жасайды. Көкірек көзі ояу, сана саңылауы сәулелі, жан-жақты білімдар жанның ірі тұлға болып қалыптасуындағы берік тұғыртас білім ошағында қаланғаны осыдан-ақ белгілі. Осы тұста айта кетер дүние, Бектұр Төлеуғалиев замана заңғары Әбіш Кекілбайұлының сыныптасы.
Бектұр Төлеуғалиев Таушықтағы Шахта орта мектебінде оқи жүріп, қысқа мерзімді шоферлық курсты түгеседі. 1957 жылы орта мектепті тәмамдаған жас түлектің ілкі еңбек қадамы туған ауылындағы «Амангелді» ұжымдық шаруашылығында тракторшылықтан бастап, инженерлік жұмыстарға көтеріле береді.
Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумының механикаландыру бөлімін және Мәскеудегі кәсіподақтардың жоғарғы мектебінің экономика факультетін бітіреді. Қай істе де белсенді, тыңғылықты әрі сенімді, жалындаған жас маман осылайша ауыл шаруашылығында тәжірибе жинақтап, билік басындағылардың көзіне түседі. «Ералиев» кеңшарына бас инженер болып тағайындалған Бектұр Төлеуғалиұлы біраз істің басын қайырады. Елеусіз еңбек ұжымын күллі одаққа білдіруге, кеңшар экономикасын ілгері сүйреуге еңбектенеді. Бектұр Төлеуғалиұлы жауапкершілігі зор аса күрделі қызметте ерен еңбекқорлығы арқасында аграрлы сала бойынша бүкіл республика көлемінде үздік жетістіктерге қол жеткізеді. Ол туралы «Бектұр кеңшардың техникаларын аяқтарынан тік тұрғызып, соның нәижесінде кеңшар жыл сайын сапалы мал азығын артығымен дайындауға қолдары жетті. «Ералиев» атындағы кеңшар 1973-76 жылдары қатарынан төрт жыл бойына мал азығына дайындаудан КПСС орталық комитетінің, Министрлер кеңесінің, ВЦСПС ауыспалы Қызыл туын жеңіп алып отырды. Осы еңбектері ескеріліп, Бектұр 1994 «Еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ие болды» деп жазыпты қазір де өмірде жоқ, сол кезде Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы болып жасаған Тельман Байниязов ағамыз.
1978-1980 жылдары Куйбышев атындағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып, партиялық қызметтің де жауапкершілігін сезініп, білікті маман болумен қатар, партиялық ұйымдастырушылық жұмыстарға да төселіп, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында сол кездегі партия, кеңес органдары басшыларының толықтай сеніміне ие болды. Сондықтан да болар қабырғасы қара жұмыста қатайған, кез келген іске икемі зор, ұғынып-білуге ұмтылысы жоғары Бектұр Төлеуғалиұлы 1980 жылы Маңғыстау облыстық партия комитетінің ұсынысымен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бекітуімен Маңғыстау ауданының «Октябрдің 50 жылдығы» атындағы кеңшар директоры болып тағайындалады. Осы шаруашылықты табан аудармастан он бір жыл бойы басқарады. Б.Төлеуғалиев директор болған жылдары жетік ұйымдастырушылық әрі басшылық жігер-құлшынысы нәтижесінде мал басы өсіп, халық ахуалы жақсарып, кеңшар табысы молайып, ісі жүйелене түседі.
Кеңшар тізгінін қолға алысымен Бектұр аға ең өзекті мәселелердің шешімін табуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мәселен, малшылар жыл бойы далада жүреді. Жазда жайлауда, қыста қыстақта төрт түліктің тірлігін тілеп, күтіп-баптайды. Ал, балалары әркімнің үйін жағалап, орталықта оқиды.Ең алдымен ол малшы-бақташылардың тұрмыс-күйін оңалтуға, балалардың сапалы, кедергісіз білім алуына, жалпы еңбек адамдарына жан-жақты қамқорлық әрі қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақкеңшар экономикасын көтеруге әрі өнімділігін еселеуге бел шеше кіріседі.Жабдықтау жұмысын жолға қойып, қысы-жазы малшы-бақташылардыңбарлық қажеттілікпен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Ұтқыр ұйымдастырушы, тісқаққан маман осы кезді былайша баяндайды.
«Кеңшардың директоры болып тағайындалғаннан кейін, шаруашылықпен толық танысып алғасын мені мазалаған үш мәселе болды.Біріншісі – тұрғын үйдің жайы, оның ішінде малшы-бақташылардың кеңшар орталығында үйлерінің болмауы, ер жетіп үйленген балалары кеңшар орталығында қызмет жасайды да, отбасылары орталықтан қашықтағы қыстақта болады. Екіншісі –мемлекетке өткізілетін жүннің тазалығының төмен болуынан үнемі төмен сортқа өткізіліп, одан түсетін пайда неғұрлым аз болып келген. Бұл жағдайдан құтылу үшін механикаландырылған қой тоғытын салудың қажеттігі туады. Үшіншісі –кеңшардың жер көлемі өте аз және шабындық жері де азғантай. Кеңшардың активистері мен мамандарын жинақтап, осы ойымды ортаға салдым. Бөтен пікір айтылмады. Алдымыздағы жылдың жоспарына он шопанның отбасына екі пәтерлік үй, үш жерден механикаландырылған тоғыт және үш мың тонна шөпті басқа облыстардан сатып алуды жоспарға енгізетін болып шештік».
Бектұр Төлеуғалиұлы басқарған 10 жыл ішінде Шайырда 500 орындық мектеп, 150 орындық интернат, 76 екі отбасылық тұрғын үй салынған екен. Мінеки бұл қарауындағы қызметкерлерге қамқорлық пен нәтижелі еңбек етуге шынайы ұмтылыстың айрықша үлгісі деуге тұрарлықтай. Шаруашылықты басқарудың тың тәсілін қолданған еңбек озаты Үкімет тарапынан түрлі марапаттарға ұсынылды. Оның кеңшар директоры ретіндегі жауапты қызметтегі іс-тәжірибесі 1988 жылы «Озат тәжірибе көпке ортақ» айдарымен «Дербестік және жауапкершілік» деген тақырыппен«Қайнар» баспасынан жеке кітап болып көп тиражбен шығарылып, Республика көлемінде насихатталды.
1991 жылы Бектұр Төлеуғалиұлы Маңғыстау облыстық агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Бұл қызметте де кәсіподақ жұмысын жоғары деңгейге көтеріп, істі ұтымды ұйымдастырудың үздік үлгісін көрсете білді. Алғашқы бес жылдықта Маңғыстау облысындағы кеңшар жұмысшылары мен малшы-бақташыларының үш жүздей балаларын Алматы, Көкшетау, Шымкент облыстарыныңорталықтарына және Қырғыз Республикасының Ыстықкөл санаториясына 200 баланы, барлығы 500-дей баланы тегін жолдамамен жіберуді ұйымдастырды.
Жекешелендіру үрдісі белең алған тұста Елбасы бастамасымен Қазақстан кәсіподақтарының Құрылтайы шақырылып, Маңғыстау облысынан аттанған делегаттар құрамына Бектұр Төлеуғалиұлы да кіреді. Құрылтай қарсаңында Елбасы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттармен жүздесіп, өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын еңсеру үшін ел тұтастығы мен ауызбірлікке ұю,жұдырықтай жұмыла білу маңызы төңірегінде келелі әңгіме өрбітіп, ой-пікірлерді ортақ талқыға салуды ұсынады. Сол тұста Бектұр Төлеуғалиұлы орнынан тұрып, Маңғыстаудағы малшы-бақташылардың өтініш-тілегін бүкпесіз бастан-аяқ баяндап, толықтай түсіндіреді. Ертесіне батыл әрі білікті басшы Елбасының жеке қабылдауында болып, түйткілді мәселенің түйінін толықтай тарқатуға тікелей септігін тигізеді. Осылайша абыройлы азамат ел алғысына ие болады.
Қым-қуат тірлік пен қарбалас қызмет құрсауынан бір мезетке босап, жазуға мұрсат таппаған Бектұр Төлеуғалиұлы кәсіподақ жұмысына келісімен жазушылыққа ден қояды. Әрине, ішкі-жан дүниесі таза, шығармашыл жан ретінде ол өзінің әдебиет әлеміндегі алғашқы адымдарын танымдық мән-маңызы зор тарихи мазмұндағы мақалалар жазумен жасайды. Мәселен, Бектұр Төлеуғалиұлының Олжас Сүлейменовтің «Таңбалар тілі» атты үш томдық антропология мен лингвистика ғылымынан мол мағлұмат беретін,әлемдік деңгейдегі ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болған еңбегіне пікір жазуы бұл сөздің керемет айғағы. Аталған еңбек Мәскеудің «Русская литература» журналында жарияланады. Замана заңғары, әдебиет абызы Әбіш Кекілбайұлының 60 жасқа толуына орай «Біздің балалық шағымыз» атты көлемді әдеби туындысы ресупбликалық басылымдарда жарық көріп, қаламын серік еткен қауым тарапынан оң бағаға ие болады. Сол сияқты Б. Төлеуғалиевтің қаламгерлік қолтаңбасында «Зираттағы оттар», «Құткелдінің оралуы» секілді әңгімелері жұртшылықтың назарын аударады. Өмірде болған деректердің ізімен әдемі тәмсілдеп жазылған бұл шығармалар оқырманын бей жай қалдырмай, шымыр да ширақ қызғылықты сюжетімен, көркем тілімен елітіп отырады. Бұған дәлел, бұл туындылар орыс, және тағы басқа шет тілдеріне аударылып, миллиондаған әлем оқырмандарына қолжетімді көркем дүниеге айналды.
Бүгінде қалам қуаты зор Бектұр Төлеуғалиев есімі көзі қарақты ойлы оқырманға етене таныс. Он жыл бойғы тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегі нәтижесінде тарихи-танымдық тұрғыдан тұтас бір дәуір ауқымын қамтыған кітаптар жарық көрді. Ел ішіндегі көнекөз кәріқұлақтардың сан қатпарлы тарих туралы құнды толғамы мен киелі өлкенің мың тараулы, жүз тармақты шежірелі кеңесін көкірегіне тоқыған, жадына сіңірген ерекше зерделі қаламгер «Бас сардар», «Балдағы алтын ақ болат», «Адай тарихы сыр шертеді» атты романдары арқылы ұлт тарихы жөнінде орныққан ғылыми тұжырымды байыта әрі кемелдендіре түсті. Бектұр Төлеуғалиев тарихи тақырыпты өзіндік таным тұрғысынан өрбітеді. Ел ішіндегі есті әңгіме, нанымды деректерге сүйене отырып кесек образ, салиқалы бейне тудыра білді, тарихи тұлғаларды оқырман қауымға жаңа қырынан танытуда суреткерлік шеберлігін ұтымды игереді. Көлемді романдар жарық көрісімен сөз киесін ұғынатын елдің бірден назарына ілікті, қошеметке бөленді. Бекеңнің алғашқы көлемді туындысы – күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған «Балдағы алтын ақ болат» хикаяты. Бұл шығармада ақын туралы бұрыннан белгілі жайларды қайталап жатпай, ел есіндегі деректер мен естелік әңгімелерді сәтті пайдаланып, келісті штрих-детальдар арқылы ақынның өсу жолын, күрескерлік тарихын нақты оқиғалар арнасында шынайылықпен бейнелеген.
Қаламгер жоңғарға қарсы жан аямай күрескен, кіші жүз қолын басқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Шотан Назарұлының ерлік істері 2005 жылы «Бас сардар» атты тарихи-деректі хикаятын жариялады. Шотан Назарұлы жоңғарлармен соғыста Әбілқайыр ханның бас сардары болып қол бастаған, небір сұрапыл ұрыстарда ерлігімен көрініп, ақыл-айласының арқасында хан қосының қыспақтан шығарып отырған, Бұланты, Аңырақай шайқастарында ерен ерлік көрсеткен атақты батыр. Автор Мәскеудегі сыртқы істер министрлігі жанындағы мұрағаттан тапқан нақты деректеріне сүйеніп, тарихи тұлға туралы шындықты жарыққа шығарды. Сөйтіп, бұрын тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарда ғана айтылғаны болмаса, тарихшылардың назарынан тыс қалып келген ардақты Шотан батырдың бейнесі әдебиетте айшықталып, Қазақ тарихының 550 жылдығына шығарылған энциклопедиядан өз орнын тапты.
Бекеңнің қаламгерлік қызметінің тағы бір белесі – оның 2007 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі. Бұл еңбек қазақтың адай руының түп атасы Адай батырдың өмір жолы мен ерлік істерін нақты құжаттарға сүйене отырып тарихи шындық тұрғысынан баяндайды. Романды қазақтың аңыз-шежірелері мен ғылыми еңбектердегі деректерді жинақтап, әсіресе иран саяхатшысы Әл-Ибн Бахуридың 1814 жылы жазған «Алғашқы қазақтардың бірігуі», сондай-ақ тарихшы Әкрам Мұхитбердінің «Қазақ құрамасы» атты 1797 жылы жазылған еңбегін негізге алып жазғанын айтады. Сол материалдар негізінде Адай атаның Қазақ елінің іргетасын қаласуда атқарған еңбегін көркем баяндайды. Қазақ хандығының құрылу процесіндегі іргелі оқиғалар арнасында Алшын тайпасынан шыққан күллі қазаққа мәшһүр жаужүрек батыр Адай мен оның балалары Келімберді мен Құдайке, олардан тарайтын Қосай мен Тәзіке туралы әсерлі баяндалады.
Б.Төлеуғалиевтің қаламгерлік қыры туралы баспасөз беттерінде көрнекті әдебиетші, тарихшы ғалымдар Ғ.Бексейітов, Ө.Мұқай, А.Айтқұлов, Д.Байғұнақов, Т.Сәукетай, А.Мекебай, С.Адай, С.Хасан, Ә.Спан, А.Өтегенов т.б. орнықты пікір айтып, оң баға берді.
Бекең жас ұрпақ тәрбиесіне арнап қазақтың салт-дәстүрі туралы құнды деректік материалдар мен толғамды ойларын баспасөз бетінде де, жеке жинақ түрінде де ұсынып жүр. Бұл орайда Ә.Қабыловпен бірлесіп жариялаған «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» оқу-әдістемелік құралынан да (Алматы. Арыс, 2013 ж.) оқырманның пайдалы деректер табары сөзсіз. Бұл құралда мектеп мұғалімдерінің, ата-аналар мен оқушылардың қажетіне әбден жарайтын тіліміздің лексикалық қорындағы салт-дәстүрге қатысты атаулар сыры мен қазақ тарихына қатысты деректер, сондай-ақ лексиканы оқытудың әдістемелік мәселелері қамтылған.
Б.Төлеуғалиев 2008 жылы жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясының редакциялық алқа мүшесі болды. Кейінгі жылдары өзі бастама көтеріп, облыс әкімінің қолдауымен бір топ мамандар «Маңғыстау облысының ауылшаруашылығы энциклопедиясын» дайындап, ол Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарыққа шықты. Облыстың ауыл шаруашылығы туралы кең көлемде мағлұмат беретін мұндай салалық әмбебап басылым облысымызда тұңғыш рет жарық көріп отыр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап өңірімізде құрылған серіктестік, артельдер, колхоздастыру кезеңі, ауылдық кеңес, кәсіподақ, партия, комсомол ұйымының басшылары, еңбек озаттары мен ардагерлері туралы мәліметтер мен Маңғыстаудың мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, аңшылық, ұсталық, зергерлік, т.б. салалардан танымдық материалдарды қамтитын бұл басылымға Бәкең тікелей жетекшілік етіп, облыс тұрғындарының алғысына бөленді. Бекеңнің еңбектері жарық көрісімен сөз киесін ұғынатын елдің бірден назарына ілікті, қошеметке бөленді. Мақтау мен қолпаштау, оң пікірлер айтылып та, жазылып жатты. Осы тұста Бектұр Төлеуғалиевтің еңбектері жөнінде танымал жазушылардың ой-пікірлерін оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
«Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі – «о баста тарихи оқиғалардың сырын ашуға, персонаждың тарихи келбетін айқындауға ден қойған шығарма. Бас кейіпкер Адай батыр арқылы қазақ тарихына тікелей қатысы бар оқиғалар дәріптеледі. Онда тарихи ақиқаттар, бүгінгі өзіміз көріп отырған шындықтармен де жалғасын тауып жатады. Мақсат белгілі. Ол – Адай батырдан басталған жеңімпаз рухтың 21 ғасырға да ұласып жататынын ұқтыру» деп пайымдайды тарих ғылымының докторы Өмірзақ Мұқай. Ал жазушы Адам Мекебаев болса, «Кітаптың құндылығы – көкпарға түсіп келген тарихымыздағы шындықты айтып, Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылардың бірегейі Адай бабамыздың ғасыр қойнауында көмескі тартқан тұлға екенін дәлелдеп шығуында. Бұл сөз жоқ, «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесінің авторы Бектұр Төлеуғалиұлының табысы ғана емес, болашақ тарихшылар есте тұтатын тұтастай Қазақстан тарихын түгендеуді мақсат еткен білікті қауымның да үлкен олжасы» деп туындының ұлт тарихын зерделеудегі маңызын айқындай түседі.
Бекеңнің еңбектері еленбей қалған жоқ. Мемлекеттік жоғары награда «Құрмет» орденімен марапатталған. Сол сияқты «Нұр Отан» саяси кеңесінің Құрмет грамотасымен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тіл жанашыры» медальдарымен және Маңғыстау облысы әкімі мен мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», сондай-ақ Маңғыстау облысының, Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» атақтарының иегері.
Бектұр Төлеуғалиұлы бүгінде Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып келеді. Қоғамдағы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл мәртебесін өсіру бағытында маңызды жобалар мен ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыруда. Қазақ ұлты мен қазақ тілінің шынайы жанашыры дәстүрлі ақындар мүшәйрасы мен жыршы-термешілер сайыстарын ұйымдастыруға мұрындық болды. «Қазақ тілі –халықтың рухын әйгілейтін құдіретті қару ғана емес, ол бүкіл болмыс-бітімімен тұтастай халықтың өзі. Тілі жоқ ұлт болмайды, сондықтан да ол тілі туралы ойланбай тұралмайды. Қазақ тілінің қадірін айтып қанша күйзелсең де, өз тіліңнен безініп, өзге тілді мұрат тұтқан ағайынымыздың қатары көбеймесе, азаймай тұр»,-деп қоғамдағы күйіп тұрған мәселе турасында ой толғаған елжанды азамат О.Бөкей шығармашылығынан көркемсөз оқушылар байқауын, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев еңбектерінен шығарма жазушылар сайысын өткізуді мықтап жолға қойды. Жастарға патриоттық тәрбие беру, оларды отансүйгіштікке баулуда маңызы зор ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралғылар жөнінде ғылыми-танымдық жиындардың жүйелі өткізілуіне жетекшілік етті. Махамбет Өтемісұлы мен Шотан Назарұлы сынды тарихи тұлғалар есімін өскелең ұрпақ жадында жаңғырту, жаужүрек даңқты баһадүрлердің ерен ерлігі мен көзсіз батырлығын кейінгі буын өкідерінің ой-санасына сіңіру мақсатында сан алуан тақырыпта шығарма жазудан тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырады. Сондай-ақ атпал азамат «Қазақ тілі» республикалық қоғамының Құрылтайына 3 рет делегат болып қатысып, туған тіліміздің тағдыры мен мәртебесі орайында өз ұсыныстарын айтқан. Қазақ тілінің қадір-қасиетін арттырып, мерейін асырып, мәртебесін биіктетуде сіңірген еңселі еңбегі үшін Бектұр Төлеуғалиұлы 2013 жылы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталады.
Сексен жастың белесін бағындырғалы отырған Бектұр Төлеуғалиұлы бүгінде тамыры тереңге бойлаған, жапырағы жайқлаған алып Бәйтеректей үрім-бұтағы өрбіген әулеттің отағасы. Адал еңбек, маңдай термен толайым табысқа кенеліп, абыройға бөленген, сөзі салиқалы, ісі тағылымды арқа тұтар асқар тау әке тәрбие тұнығынан сусындаған ұл қыздары қоғам игілігіне қалтқысыз еңбек етіп келеді. Сөз соңында елге аса қадірлі, кез келген ортада сыйлы мерейжас иесіне зор денсаулық, абыройлы ғұмыр тілейміз.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН