Жекеменшік білім ордалары Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында бой көтермек, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында Маңғыстау облысының білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.
Бұдан басқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде облыс орталығында екі бірдей орта білім нысаны мен тоғыз балабақша құрылысын бастау күн тәртібіне қойылған.
«Қазіргі уақытта біздің өңірімізде 3-6 жас аралығындағы 36 мың 500 баланы қамтитын мемлекеттік және жеке меншік 305 бөбекжай бар. Оның ішіндегі 30 мектепке дейінгі білім беру нысаны өткен жылы ашылды. Нәтижесінде маңғыстаулық бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жүз пайызға жеткенін көріп отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес енді тұрғындарды балабақшамен қамту 1-6 жастан басталатыны белгілі» - деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.
Орта білімге қатысты келтірілген ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта өңір бойынша жеке, кешкі, орта және жалпы білім беру, арнайы оқыту нысандарын қоса алғанда бас-аяғы 154 мектеп бар. Оларда 150 мың оқушы оқиды. 2019 жылы екі мектепке 320 орындық қосымша оқу ғимараты жалғанып, қолданысқа берілген.
Үш ауысымды оқу жүйесі осы уақытқа дейін өзекті болып отыр. 2018 жылы осы санатта 6 білім беру нысаны болса, 2019 жылы олардың саны тоғызға жетті. «Нақтылау жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш биыл да өсуі мүмкін деген болжам бар. Бұған жыл санап атамекеніне оралған қандастарымыздың саны мен табиғи бала туудың артуы себеп» - дейді мамандар.
«Осы жылға жоспар бойынша үш мектептің құрылысын аяқтаймыз. Олар Түпқараған ауданының Ақшұқыр елді мекенінде, Мұнайлы ауданындағы Батыр селосында және Ақтаудың 34-ші шағын ауданында бой көтеруде. Сондай-ақ алдағы бес жылда салынуы тиіс 18 мектеп пен 5 орта білім беру мекемесіне қосымша оқу орталығының жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Бұл жобалар мемлекет тарапынан қаржыландырумен жүзеге асады» - деді Асқар Әбиұлы.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ