2019 жылы Маңғыстауда 134 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. 700 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Өткен жылы 134 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтады, олар бойынша 700 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 578 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Өндіріп алу пайызы - 74,7», - деді Қ.Таймерденов.
Сонымен қатар былтыр өңірде тіркелген қылмыстардың саны – 4,4%-ға азайған.
Маңғыстау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, оның ішінде кісі өлтіру (3,7%-ға), зорлау (3,8%-ға), тонау (32,8%-ға), бұзақылық (33,2%-ға) және бөтеннің мүлікін ұрлау (13,2%-ға) азайған. Көше қылмыстары (26,6%-ға), қоғамдық орындардағы қылмыстар (19,7%-ға), кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар (1,4%-ға) және қару қолданып жасалған қылмыстар (41,2%-ға) көрсеткіші төмендеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА