©
Ақтау қаласында жыл басынан бері мемлекеттік тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілген жоқ. Былтыр бюджеттен 15 мыңға жуық шаршы метрге жуық тұрғын үй берілді. Ол - қаланың 34 шағынауданынан тапсырылған 60 пәтерлік 4 үй. Бұл туралы бүгін бюджеттің орындалысы бойынша өткен брифингте Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев айтты.
Қ. Ақыбаевтың айтуынша, былтыр қала бойынша жеке құрылыс компаниялары мен бюджеттен қаржыландырылған тұрғын үйлерді қосқанда 380 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Биыл 418 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі деген жоспар бар.
- Қазір үш мердігер «Аққу-3» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жыл аяғына дейін 670 пәтерлік тұрғын үй салынады. Пәтер «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы үлестіріліп беріледі, - деп атап өтті ол.
Ақтау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жанат Түрікменбаеваның айтуынша, биыл Ақтау қаласында 33 шағынаудандағы «Аққу» тұрғын үй кешенінің үшінші кезегін салуға 3 176 млн теңге бюджеттік несие бөлінген.
Қала әкімдігі жоспарында жалға берілетін үйлерді салу жоқ. Ал «7-20-25» бағдарламасы шілде айынан бастап жүзеге асырыла бастауы тиіс. Желтоқсан айынан бастап бағдарлама аясында тұрғын үйлер салынбақ.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Басты сурет сайттың архивінен