Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері, Ақтау қаласының алғашқы басшыларының бірі болған Әзбенов Шахан Далбайұлының тұрған 2 шағынаудандағы 8 үйге ескерткіш тақта қойылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, ел ағалары, Шахан Әзбеновтің туған-туыстары мен қала тұрғындары жиналды.
- Шахан Әзбенов - осы Ақтау қаласы құрылмай тұрып, қала орнында алғаш пайда болған поселкенің төрағасы болған кісі. Осы ел мен халыққа еңбегі сіңген азамат. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысы әкімі Е. Тоғжановтың қаулысымен Ш.Әзбеновтің тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, - деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М. Сқақов.
Шақан Әзбенов Гурьев педагогикалық училищесін аяқтаған кезде фашистік Германия елге тұтқиылдан кірген еді. 1942 жылы соғысқа аттанады. Ол Ленинградты азат етуге, 3-укриан, Забайкалье майдандарында, Австрия, Венгриядағы қиян-кескі ұрыстарда шайқасады. Соғыста екі рет жараланып, "Ерлігі үшін" медалімен, "Ұлы Отан соғысы", "Ленинградты қорғағаны үшін", "Үздік жол қызметкері" сияқты бірнеге орден, медальмен марапатталған. Соғыс аяқталған соң Жапония соғысына қатысып, елге 1946 жылы оралады.
Елге оралған соң ұстаздық қызметін жалғастырады. Мақат мұнай кеніштерінің партия бюосының хатшысы, аудандық партия кабинетінің меңгерушісі болып қызмет етіп, 1957 жылы Алматы жоғары партия мектебіне жіберіледі. Ал 1961 жылы Гурьев-20 деп аталған Ақтау поселкесіне 10-шы партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады.
1963 жылы Гурьев-20 кенттік кеңесінің төрағасы, 1964-1969 жылдары Шевченко қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1969-1977 жылға дейін Каспий айақтық құрылыс басқармасының өндірістік-диспетчерлік бөлімінің аға инженері, 1977 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Оңтүстік мұнай тасымалдау құбырлары басқармасының мамандар бөлімін басқарған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН