©
Маңғыстауда «Бекіре-2018» жедел алдын алу шарасы кезінде соңғы 4 күнде 2 тоннадан аса заңсыз бекіре балығы сақталғандығын анықталды. Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің топтасқан қылмыспен күрес басқармасы және жергілікті полиция қызметі Табиғатты қорғау полициясымен бірлесе отырып облыс бойынша тексеріс жүргізілген болатын.
Нақтырақ айтсақ, сәуір айының 7-сі күні арнайы күштер Түпқараған ауданында, Аташ поселкесінде тұрғын үйде 3 салқындатқыш камера ішінде заңсыз 196 дана бекіре балығын ұстаған азамат анықтады. Ал тәркіленген бекіре балығының жалпы салмағы – 715 кг шамасында.
Сондай-ақ, сәуір айының 8-інде Ақтау қаласы Приозерный поселкесінен «Газель» бортты автокөлігін тәркілеу кезінде 310 дана бекіре тұқымдас балығы табылған, балықтардың жалпы салмағы 1156 кг шамасында болып отыр.
- Заңсыз бекіре балығын сақтағандар – Қазақстанның азаматтары. Бұрын-соңды мұндай көлемді салмақта балық тәркіленбеген болатын. Өкінішке қарай, бұл оқиға облыста ғана емес, республика бойынша да көлемі ірі заңсыз тәркіленген балық ретінде тіркеліп отыр, - дейді полиция капитаны, Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің м.а. Айгерім Ибатуллаева.
https://www.youtube.com/watch?v=8P9La6dKJyM&t=1s- Аталған 2 оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық ІІД Анықтау басқармасы тергеу жүргізіп жатыр, - дейді МО ІІД баспасөз қызметінің өкілі Айғаным Рахметова.
ҚР Қылмыстық кодексінің «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» деп аталатын 339-бабында: Жазасын өтеушіге «үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру» жазасы қарастырылады.
Айта кетейік, бұған дейін 3 сәуір сағат 14:00 шамасында ІІД ЖПҚ Табиғатты қорғау полиция қызметкерлері Ақтау қаласы тұрғын үй қасында жүргізуші басқаруындағы «ВАЗ 21114» маркалы автокөлігін тексеру кезінде артқы жүк салғышынан ақ қапқа салынған 10 дана 30 кг. болатын бекіре балығы тәркеленіп алынған еді. Бұдан бөлек, 5 сәуір сағат 15:00 шамасында Ақтау қаласы ХГМЗ тас жолы бойында жүргізуші басқаруындағы «Лада-Ларгус» автокөлігін күдікті ретінде тексеру барысында авто көліктің салонынан сұр түсті 7 қапқа салынған 35 дана, салмағы 171 кг «Бекіре» тұқымдас балығы табылды.
Маңғыстау облысы аумағында 2018 жылдың 1 сәуір – 31 мамыр аралығында балық пен балық өнімдерін заңсыз аулауды және айналымын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Бекіре-2018» республикалық жедел-профилактикалық іс- шарасы өткізілуде.
Айгүл ДӘДЕН Бейнежазба Маңғыстау облыстық ІІД алынды