Жаңаөзен қаласындағы №21 жалпы білім беретін мектеп жертөлесінде жарық пайда болып, мектеп қабырғасы шөге бастаған. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео, фото тарап кетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған оқиғаға Жаңаөзен қалалық білім бөлімі жауап берді. Айтуынша, мектептің мұндай күйге түсуіне 2012 және 2022 жылы жауған қатты нөсер жауын себеп болған.
"2021 жылғы маусым айында облыстық бюджеттен 283,1 млн.теңге бөлініп, асхана және спортзалына күрделі жөндеу жұмыстарын «Альянс LTD» ЖШС мекемесі жүргізді", - дейді қалалық білім бөлімінің мамандары.
Алайда 2022 жылдың мамыр айында өткен нөсер жауын тағы да мектеп қабырғасына зиян келтірген. Осылайша мектептің екі қапталындағы және алдыңғы, артқы беттеріндегі асфальт пен брусчаткаларға арнасынан жаңбыр суының жиналуы айтарлықтай қауіп төндіріп жертөлеге құйылған. Жауапты мамандар қауіптің одан әрі өршімеуіне, барынша бөгет жасап, суды мектеп айналасынан арылту жұмыстары шұғыл жүргізілгенін айтады.
"Білім бөлімі тарапынан құрылған комиссия құрамы тексеру және қадағалау жұмыстарын жүргізді. Мектептің негізгі конструкциясына жауын-шашынның әсері тимегендіктен, қазіргі таңда мектеп оқушыларының өміріне қауіп жоқ. Нөсер жауыннан кейінгі мектеп жағдайы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге шығын сметасы жасақталды. Маңғыстау облысы әкімідігіне, Маңғыстау облысының қаржы басқармасына, Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, Маңғыстау облысының білім басқармасына жауын-шашын салдарынан бүлінген мектеп ғимаратын және ауласын қайта қалпына келтіру мақсатында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлу бойынша бюджеттік өтінім жолданды. Мектеп жағдайы бақылауда тұр", - дейді Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің мамандары.
Еске сала кетейік, 1200 орынға арналған №21 жалпы білім беретін мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген болатын.