Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы стоматологтарының «Стоматологиядағы инновациялар: бүгін, ертең» атты I Халықаралық съезі басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынды басқарма мүшесі, ректордың міндетін атқарушы, клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, медицина ғылымдарының кандидаты Надиар Мусин ашып, съезд делегаттарын құттықтап, жиын жұмысына сәттілік тіледі.
Стоматологтар съезіне арнайы шақырылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас стоматологы Назым Бектұрғанова тіс саулығы мамандарының замануи жетістіктерге қол созып, инновациялық технологияны халық игілігіне жарату жайында пікір білдірді.
Съезде Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Польша, Израиль мемлекеттеріндегі стоматолог-ғалымдары, дәрігерлері заманауи стоматологияның өзекті мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Бағдарлама бойынша съезд жұмысы сессиялық бағытта жалғасты.
Жиынның екінші күні ҚР ДСМ ҰКҚО Басқарма төрағасының орынбасары, дәрігер анестезиолог-реаниматолог (BLS) Ғұмырбек Ағыбаев, «Базалық реанимация» тақырыбы бойынша тәжірибелік шеберлік сағатын өткізеді.
Сонымен қатар университеттің клиникалық базасы – стоматологиялық клиникада «Балалар стоматологиялық практикасындағы жүйелі асқынулар” тақырыбында дәрігер Бақыт Жаналина да шеберлік сағат ұйымдастырады.
Тағы бір шеберлік сағаты Ақтөбе қаласындағы “Dental-Centre” стоматологиялық клиникасының базасында жоғары санатты дәрігер Светлана Ешованың жетекшілігімен өтеді.
Айта кетейік, маңғыстаулық тіс дәрігерлерінің халықаралық дәрежеде өтіп жатқан съезге баруына облыстық стоматологиялық орталығының директоры Қуат Машырықов қолдау білдірген.