Ақтауда «Күз лебі» вернисажы өтті. Оған Астана мен Алматы қаласынан шақыртылған қылқалам иелері арнайы келіп, шеберлік сағат өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған мастер класс «Жеті күн» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шеберлік сабақта ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Бейбіт Асемқұл «Өнер» колледжінің студенттеріне графикалық сурет салудың әдіс-тәсілдерін көрсетті.
- Алматы мен Астанадан келген суретшілер ерекше әсер қалдырды. Шара барысында жаңа техникаларды меңгердік. Мастер класта көзім оттай жанып, суретке деген қызығушылығым арта түсті. Осындай шаралар жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп, жетістікке бір қадам жақындауға көмектеседі, - дейді Маңғыстау өнер колледжінің 3-курс студенті Аружан Қуат.
Айта кетейік, аталған шараның мақсаты - өңірдегі жас мамандардың біліктілігін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазан айында шетелдік суретшілерді шақырту жоспарда бар.