Бейнекамералар облыс орталығы мен Жаңаөзен қаласының көшелеріне, атап айтқанда, ойын алаңдарына, адам көп жиналатын орындарға, көше қиылыстары мен көпқабатты үйлердің аулаларына орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Жылдың басынан бері Маңғыстауда бейнекамералардың көмегімен 26 184 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 149 қылмыс ашылған. Құқық бұзушылықтардың ішінде көшеде, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, темекі қалдықтарын, қоқыстарды қалдыру, ұсақ құқық бұзушылықтар бар.
2022 жылдың сегіз айында «102» сенім телефонына азаматтардан 20 мыңнан астам қоңырау түсіп, тіркелген.
Сонымен қатар, бейнекамералар жол ережесін бұзғандарды да анықтады. Жыл басынан бері осындай 12 мыңға жуық факті анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.