Ақтаудағы 1-сынып оқушысының ата-анасы оқыту бағдарламасында дене шынықтыру пәні аптасына үш рет өткізілетінін, бұл мектепке жаңа барған баланың ойын бөлетінін айтып шағымданған. Тұрғынның сауалына қалалық білім бөлімінің мамандары жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Желі қолданушысы 1-сынып оқушыларына аптасына үш рет өткізілетін дене шынықтыру сабағын азайтып, орнына әліппе сабағын көбейтуді сұрап, ұсыныс жасаған. Дене шынықтыру сабағын аптасына бір өтсе де жеткілікті дейді тұрғын.
-2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 5-бабы 6 тармақшасындағы бұйрығымен Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарлары бекітілді. Осы білім берудің үлгілік оқу жоспарын негізге ала отырып, ҚР Оқу-ағарту министрінің 12.08.2022 №365 бұйрығына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта мектептерде дене шынықтыру пәні аптасына 3 сағаттан өткізілетіндігін қаперіңізге береміз, деді жауапты бөлім мамандары.