Ем іздеп шетел асудың қажеті бар ма? Бүгін арнайы баспасөз мәжілісін өткізген Ақтаудағы онкологиялық диспансердің дәрігерлері осы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандықтарды тұрғылықты жерінде емдеу екі есе тиімді. Уақыт жоғалтпайсың әрі қаржы үнемдейсің.
-Ауыр науқасқа шалдыққан адам одан шығар барлық жолды іздейді. Сондайда жарнамасы көзге ұрып тұрған түрлі шетелдік клиникалар мен дәрілерге тап болады. Қыруар қаржы шығарады. Алайда тап сол ем шаралары Маңғыстауда да жасалады. Протокол бойынша ем қабылдауға болатын науқастарға Ақтаудағы орталықта барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазір мұнда 50 ден аса дәрігер еңбек етеді. Оның екеуі медицина ғылымдарының докторы, үш қызметкер - ғылым кандитаты. Қазір Маңғыстау облысына тиесілі бірнеше маман оқу орындарында арнайы білім алуда, - дейді орталық басшысының орынбасары Баян Бекетова.
Орталықтағы дәрілік қойманың меңгерушісі Нұрсұлтан Жолдасовтың айтуынша, шетелден дәрі тасу да тиімсіз екен.
- Тұрғындар өздері тасымалдап жүргенде дәрінің сақтау температурасынан бастап, мерзімі, сақтау шарттарының бәрі бұзылуы мүмкін. Ал бізде дәрілердің бәрі қоймада арнайы режимде қатаң бақылауда сақталады. Мысалы, “китруданың” бір құтысы нарықта 3 млн тұрады. Ал, орталықта тізімде тұрған науқастарға ол дәрілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы беріледі. Көп тұрғындар бұл дәрінің біздің өңірде барынан да бейхабар, олар оны шетелден әкеп жатады. Осы дәрінің нарыққа келуімен өкпе, бүйректің қатерлі ісігімен ауыратын адамдардың өмір сүру ұзақтығы артты. Аталмыш дәрі протоколмен емдеу негізінде аталған қордан беріледі. Тек бұл ғана емес, осындай ауруларды емдеуге арналған біздегі дәрі-дәрмектерді тұрғындар медициналық сақтандыру қоры арқылы ала алады, - дейді қойма меңгерушісі.
Ақтауда ем қабылдап жатқан Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ұлжанның айтуынша, жергілікті халық Ақтаудағы орталықтың жұмысынан шынымен де бейхабар. Ауру анықталған жағдайда ірі қалалар мен шетелге барып емделуді дұрыс деп санайды.
- Мен өзім жұмыс сапарымен Алматыда жүргенде әдеттегідей ауруханаға тексерілуге бардым. Дәрігерлер қолтық астындағы ісікті анықтаған кезде не істерімді білмей дал болдым. Олар Ақтауда осы орталықтың жұмысы, көрсететін қызметі жайлы түсіндіріп, осында ем алуым керек екенін айтты. Қазір 4-ші курсын өтіп жатырмын. 67 пайыз болған ісік, қазір 12 деген көрсеткшті көрсетіп тұр. Терапия әсері оң нәтиже беруде. Диспансердің тамағы да, күтімі де жақсы, - дейді Ұлжан.
Облыс бойынша 4 мыңнан астам тұрғын өңірлік диспансерде тізімде тұр. Қазір обыр ауруы елімізде ғана емес, әлем бойынша көбеюде. Оған себеп, өмір сүру жасының ұлғаюы мен әр түрлі техногендік сипаттар. Халық ішінде "аты жаман ауру" аталған бұл дертпен күресудің басты жетістігі - ауруды ерте анықтау.
Камшат Сарсенбаева