Ақтауда «Халық Арена» спорт кешенінде қазақ боксының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ХIV халықаралық турнир басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты
облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыста Тайланд, Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және елдің әр аймағынан келген 130 спортшы бақ сынап жатыр. Оның ішінде 14 спортшы өңір намысын қорғайды. Турнирде жеңіске жеткен боксшылар қараша айында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров және Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
- Биыл турнирдің екі артықшылығы бар. Біріншісі, енді бокстан барлық жарыс (Олимпиададан басқа) жаңадан бекітілген 13 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Екіншіден, Шоқыр Бөлтекұлы турнирі қазан-қараша айында Сербияда бокстан өтетін Әлем чемпионатына қатысу үшін іріктеу жарыстарының бірі болып бекітілді. Яғни, ұлттық құраманың бапкерлер алқасы Қазақстан құрама командасы сапында әлемдік додаға баратын кандидаттарды қарайды, - деді Маңғыстау облысының бокс федерациясының өкілі Жанпейіс Назарғали.
30 тамыз күні басталған халықаралық турнир 3 қыркүйекке дейін жалғасады.