27 тамызда ASPAN спорт кешенінде ҚР Конституциясы күніне орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кубогы үшін жекпе-жектен республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған іс-шараның мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, күштік және арнайы құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің дене шынықтыру даярлығы деңгейін және қатысушылардың спорттық шеберлігі мен біліктілігін арттыру.
Турнирге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторинг агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері қатысты.
Спортшыларды қолдауға бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сапиев пен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит келді.
Барлығы алты түрлі салмақ дәрежесі бойынша 6 медаль жиынтығы ойнатылды.
Турнир нәтижесінде 67 келіге дейін салмақта 3-орынды Қанат Абдулла, 2-орынды Ертарғын Мәліков, 1-орынды Аманбек Жаманқараев алды.
73 келіге дейінгі салмақ санатында 3-орын - Абылай Табановқа бұйырды. 2-орынды Әлішер Қайырбеков алса, 1-орынды Данияр Қойшыбек иеленді.
80 келіге дейінгі салмақ бойынша 3-орынды Арман Әбетанов, 2-орынды Нұрдәулет Байбосынов, 1-орынды Айдын Төленбаев алды. Ал 88 келі дейінгі салмақ санатында Мәди Хабиев 3-орын алды. 2-орынды Ілияс Мұхамадиев иеленсе, 1-орынды Рахметолла Сатыбалдиев қанжығаға байлады.
97 келі дейінгі салмақта 3-орын Дәурен Ибрагимов, 2-орын Қанағат Мағмұр, 1-орынды Ердәулет Жеңіс алды. Ал 97 келіден жоғары салмақ бойынша 3-орынды Мұхтархан Мұқат иеленді. 2-орын Мейрамбек Алматовқа бұйырса, 1-орынды Райхан Мәди алды.
Жеңімпаздарды құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары марапаттады.
Жалпы командалық есепте мемлекеттік органдар арасындағы орындар бойынша
3-орынға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамасы, 2-орынға Мемлекеттік күзет қызметінің құрамасы, 1-орынға Ішкі істер министрлігінің құрамасы ие болды.
Іс-шара соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов турнирге қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы Конституция күнімен құттықтап, баршаға зор денсаулық, гүлдену және бақ-береке тіледі.