Ақтау әуежайында 16 сағаттан бері ұша алмай кідіріп қалған 7701 "Ақтау - Алматы" әуе рейсінің жолаушылары редакциямызға шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған әуе кемесі кеше жергілікті уақыт бойынша сағат таңғы 06.30 да ұшуы тиіс еді.
Жолаушылардың бірі Аида Мұраттың айтуынша, ұшақ Ақтау әуежайынан сағат түнгі 22:45-те бірақ ұшып шыққан, алайда бортқа барлық жолаушы жіберілмеген.
- Барлығы 180 адам ұшуы керек еді. Алайда рейс кешіктірілді. Кейін кейбір жолаушыларға "Ақтау - Алматы" түнгі рейсіне орын берілгені анықталды, бұл туралы барлығына бірдей хабарламаған. Жолаушыларды қалай таңдағаны белгісіз. 90 жолаушы қайта рейске шығарылды, ал бізге 110 адам ұшып кетті деп айтты. Қазіргі уақытта әуежайда ұша алмай 80 адам тұрмыз, тағы он адам ұзақ күтетін болған соң туыстары мен қонақ үйлеріне кетті. Бізге тамақ та, сусын да берілген жоқ. Рейстің кешігуінің себебін техникалық ақаумен байланыстыруда. Келесі рейс тек 31-тамызда болады екен. Қаншама шаруамыздан қалдық,- дейді ол.
Жолаушылардың наразылығына қатысты “Fly Arystan" әуе компаниясының баспасөз қызметінен ресми түсініктеме күтеміз.