Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жұмыс істейтін медицина мамандарының ерекше балаларына арналған акция өткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның негізгі мақсаты - ерекше балаларға көңіл бөлу, уақытын тиімді өткізу, қоғаммен байланыстыру.
Акция барысында балаларға көңіл-күй сыйлау мақсатында аниматорлар келді. Олар түрлі ойын ойнатып, балаларға сурет салдыртты.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының бас медбикесі Айтбибі Өтегенованың айтуынша, Ақтау қалалық "Аманат" партиясының және облыстық аурухананың кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен "Кедергісіз келешек" акциясына 26 ерекше бала келді.
- Бүгінгі шара өте қызықты өтті. Ең бастысы - балаларымыз мәз. Ұжым әрдайым осындай шараларды ұйымдастырып отырады. Қуаныштымын және басшылыққа, кәсіподақ ұжымына алғыс айтамын, - дейді ата-ана Камила Орынбаева.
Аталған шара алғаш рет Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында өткізіліп жатыр. Ақтау қалалық "Аманат" партиясы жанынан құрылған бастаушы "Қазақстан" ұйымының төрайымы Айгүл Телегенованың айтуынша, енді акция қаладағы басқа да медицина мекемелеріне эстафета арқылы жолданбақ.
Сондай-ақ ол облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Жәнібек Әжмұхановқа, аурухананың кәсіподақ ұйымына және бас медбике Айтбибі Өтегеноваға өз алғысын жеткізді.