Бүгін «Каспий» спорт кешенінде Әлібек Қосымұлы Бимағамбетті еске алуға арналған дзюдодан ардагерлер арасындағы І облыстық турнир өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров және Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай келді. Олар турнирде бақ сынап жатқан балуандарға сәттілік тілеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілек білдірді. Сонымен қатар Әлібек Қосымұлы туралы естеліктерді айтып, ер есімі ел ішінде ұлықтала беретінін тілге тиек етті.
Турнирде 30 және 60 жас аралығындағы 100-ге жуық дзюдошы бақ сынап жатыр.
«Турнир ең алғаш рет 29 шағынаудан ішінде ұйымдастырылды. Содан кейін сегіз шағынаудан жігіттерінің басын біріктіріп, «Халық аренада» жарыс өткіздік. Енді, міне, бүгін облыс деңгейінде алғашқы турниріміз басталды. Қазір әуесқой спортшылар 60, 66, 73, 80, 90, 100, +100 салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатыр. Бейнеу, Жетібай, Шетпе аудандарынан да спортшылар келді. Болашақта турнир ауқымын кеңейтеміз деген ойдамыз», - деді Әлібек Қосымұлының бапкері Рақмет Кетеев.
Оның айтуынша, аталған турнирді өткізуге 8, 12, 13, 15, 26, 28, 29 шағынауданның жастары қосылып, ұйымдастырған. Сондай-ақ спорттық шараға өңірдегі кәсіпкерлер де демеушілік жасаған.
Еске сала кетейік, Әлібек Қосымұлы 2021 жылдың қаңтар айында жол апатынан қаза тапқан. Жастайынан дзюдо күресімен шұғылданып, қалалық, облыстық біріншіліктердің жүлдегері, жеңімпазы атанды. Бапкері – Рахмет Кетеев. Одан бөлек футзалдан шағынаудан жастарының басын біріктіріп, DSA әуесқойлар лигасын ұйымдастырған. Бұл лигада 100-ге жуық әуесқой ойыншы бар және олар әлі күнге дейін жаттығып, өзара шағын жарыстар ұйымдастырып келеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан