Жаңа оқу жылында Ақтау бірнеше жаңа білім ордасымен толықпақ. Солардың бірі - ұлттық құндылықтар мен тәрбиеге бағытталған “Алаш лицейі“, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Лицей математика-жаратылыстану бағытында тереңдетіп оқытумен қатар, балалардың санасына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңірмек.
Мектептің тағы бір ерекшелігі оқушылар күндіз бойы ұялы телефон ұстамайды және үй тапсырмаларын мұғаліммен бірге орындайды. Сондай-ақ, үзіліс кезінде де балалардың тек қазақша сөйлеуіне ден қойылмақ.
Күйден қоңырау соғылып, ер балаларға ет тарту, турау, үлкендердің қолына су құю, бата беру сынды қазіргі ата-ана баласына үйрете бермейтін дүниелер түсіндірілмек.
Қыз балаларға да ұлттық тұрмысымыздың түрлі тұстары оқытылады. Осы мақсатта оқу үрдісіне өңірдің тарихы мен шежіресін жатып өргізетін белгілі тұлғалар тартылады.
Балалардың психологиялық дамуын жетілдіре отырып, әр баламен жеке-жеке жұмыс жасалады. Білім ордасына жоғары санаттағы мастер-педогогтар тартылған.
Сондай-ақ, мектепте балалардың 3 мезгіл дұрыс тамақтануына жағдай жасалған. Оқушылардың уақытын тиімді өткізу мақсатында академиялық, шығармашылық, спорттық үйірмелер бар. Спорттық үйірмелер қатарында дзюдо, көркем гимнастика шахмат, үстел теннисі болса, шығармашылық үйірмелерде домбыра, қолөнер, айтыс өнері мен аспаздықты үйретеді. Ал, академиялық үйірмелер
робототехника, ораторлық шеберлік, reading club, english Speaking club деп бөлінеді.
Лицейде жоғары сынып оқушылары халықаралық емтихандарға дайындала алады.