24 тамыз күні Ақтау қаласы «Хан Шахар» салтанатты сарайында Маңғыстау облысының педагогтерінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тамыз конференциясына облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, еліміздегі және шетелдегі білім саласының эксперттері, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік органдардың және аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің, «НЗМ» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының және «Өрлеу» БАҰО акционерлік қоғамы филиалының басшысы, облыстың білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Сонымен қатар «Балалар жылы» аясында биыл шараларға мектеп оқушылары мен колледж студенттері де тартылды.
Шара мұғалімдер мен ата-аналар қауымдастығының облыс бойынша 12 мыңға жуық өкілдерін қамти отырып, республикалық деңгейде Facebook, YouTube-те тікелей трансляция жүргізілді.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласында алға қойылған міндеттерге қатысты тапсырмалар берді.
Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитыноблыстың білім саласының даму Стратегиясын таныстырды. Стратегия ауқымды 8 бағытты, әр бағыт бойынша жүзеге асырылатын бірнеше жобалар мен бағдарламаларды, жаңа бастамаларды қамтиды.
Бұдан басқа жиында еліміздегі және шетелдегі білім саласының белгілі эксперттері, «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы – Ұстаздар династиясы Себепбаевтар әулеті сөз сөйледі.
Сондай-ақ жиын барысында білімді дамытудағы қосқан үлестері үшін бірқатар педагогтар «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім берудің үздігі» құрмет дипломдарымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кететін жай, педагогтердің облыстық тамыз конференциясы аясында «Жас мамандардың кәсіби дамуы: білім берудегі жаңа тренд, жаңа көзқарас» облыстық жас мамандар форумы, 40-қа жуық секциялық отырыстар өткізілді.
Атап айтқанда: «Болашақ мектеп» атты аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары, орталық директорлары мен әдіскерлері, мектеп директорлары, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары,пән мұғалімдері, жас мамандар, психологтар, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, арнайы білім беру ұйымдарының директорлары, облыстық орталықтар үшін, «Толық адам» атты секция директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, кәсіптік бағдар бойынша жауапты мамандарға арналған, «Жасампаз ұрпақ» атты секция мектеп директорлары, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдеріне арналған, «Хакатон» атты секция техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен оқытушылары, директорларына арналған, «Мектепке дейінгі ұйым» атты секция мектепке дейінгі ұйымдардың директорлары мен тәрбиешілерге арналған, «Антибуллинг» атты секция білім беру ұйымдарының психологтарына арналған, «Саналы ата-ана» атты секция ата-аналар, мектеп директорлары, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарларына арналған.