Облыстық полиция департаменті телефон арқылы алаяқтық жасау деректері жиілеп кеткендігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Қылмыскерлер ұялы телефонға қоңырау шалып, полиция өкілі болып танысады, содан кейін қазіргі уақытта сіздің атыңызға несие рәсімдеуге тырысқан алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатыр деп түсіндіреді, - деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов.
Сонымен қоса ПД бастығының орынбасары: "алаяқ полицейлер қазір ҚР Ұлттық банкімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлайды және Ұлттық банк қызметкерімен байланыс орнату үшін желіде қалуды сұрайды", - деді.
Әрі қарай, телефонның ар жағындағы дауыс сіздің картаңыз бойынша рұқсатсыз ақша аудару әрекеттері жүріп жатқанын және ақшаңызды үнемдеу үшін белгілі бір соманы банктік шотыңызға немесе үшінші тұлғалардың шотына салу керек екенін түсіндіреді.
- Есіңізде болсын, полиция қызметкерлері ешқашан телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейді. Ол үшін біз полиция бөлімшесіне шақырамыз, кездесудің күні мен уақытын нақтылаймыз. Сонымен қатар, есіңізде болсын, банк қызметкерлері сіздің картаңыз туралы деректерді ешқашан сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келетін кодтарды талап етпейді. Өзіңіздің банктік картаңыз, сондай – ақ жеке басыңыз туралы деректерді ешкімге және ешқандай жағдайда бермеңіз, - деп атап өтті Болатбек Ақшауов.
Мұндай жағдайларда"телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қоңырау шалу керек".