Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәжірибесі бар. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен марапатталады және мемлекеттің қорғауында болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы мөлшері келесідей:
- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
- онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
- ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
- ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
- аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.
Пара немесе келтірілген залал сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, біржолғы ақшалай сыйақы көрсетілген соманың 10 % құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.
Айта кетейік, сыйақы сот үкімі шыққаннан кейін төленеді.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жәрдемдескен тұлғаларды ынталандыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігі болып отыр. Маңғыстау облысында 2021 жылдан бері қарай сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған сегіз тұлға 1 млн 400 мың теңге көлемінде сыйақы алды.
Сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда Департамент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 call орталығына немесе Департаменттің 8 (7292) 319110 кезекші бөліміне жүгінуге шақырады.