Отбасы банк Ақтауда «Біздің өңір – 2022» бизнес-форумын өткізіп, өңірдегі мұнай өндіруші компаниялар мен басқа да ұйымдарға «корпоративтік» өнімін таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отбасы банкінің «корпоративтік» өнімі жеке компаниялар мен ұйымдардың қызметкерлеріне жеңіл шартпен баспана алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім арқылы қызметкерлердің несиесін компания немесе ұйым өзі қаржыландырады. Осылайша компания қызметкерлері бастапқы жарнаны банкке төлемей-ақ баспаналы бола алады. Жұмыс беруші тұрғын үй сомасының 100 пайызын өтеген жағдайда қызметкер үшін несие мөлшерлемесі 5 пайыз болады.
«Корпоративтік» өнімі бойынша баспананы 0-10 пайыз аралығындағы бастапқы жарнаны төлеп, 5-8 пайыз жылдық мөлшерлемемен алуға болады.
Маңғыстау облысында «корпортаивтік» өнімінің көмегімен «Қаражанбасмұнай» компаниясынан 99 адам, Назарбаев Зияткерлік мектебінен 8 адам тұрғын үй алған.
- «Корпоративтік» өнім – бұл қазақстандық компаниялар үшін өз қызметкерлерін қолдау мүмкіндігі. Өйткені кез келген кәсіпорынның құнды ресурсы – негізгі кіріс әкелетін қызметкерлері. Сондай-ақ «корпоративтік» өнімі компанияда білікті мамандарды ұстап қалудың себебі болады, - дейді Отбасы банк АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
«Корпоративтік» өнімнің көмегімен «Қаражанбасмұнай», «ERG», Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері және Қарағанды облысының кеншілері мен металлургтері баспаналы болып, қоныс тойын тойлап үлгерген. Мәселен, Қаражанбасмұнай компаниясының қызметкері 2019 жылы осы өнім арқылы өз үйіне қол жеткізген. Ол бұл уақытқа дейін жолдасы және 6 баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келген.
- Бұл өнім бойынша біздің компанияда жас мамандарға, жас отбасыларға және көпбалалы ата-аналарға үй алу мүмкіндігі болды. Мен бұл бағдарламаға көпбалалы отбасы ретінде іліктім. Бізге максималды сома 15 миллион теңгеге дейін берілді. Осылайша, Отбасы банк пен компания басшыларының арқасында 3 бөлмелі пәтерді алдық. Бұл бағдарлама өте тиімді дер едім. Қазіргі заманға сай әр жұмыс орны осындай бағдарламаны ұсынып, өз қызметкерлеріне мүмкіндік берсе өңірдегі баспана жағдайы шешілер еді, - дейді «Қаражанбасмұнай» компаниясының қызметкері Жұмажан Илясов.
Сондай-ақ бизнес-форумда банктің «МТ 102» серіктестік бағдарламасы туралы айтылды. Бұл бағдарлама арқылы тұрақты жұмысы бар әр азамат жалақысынан белгілі бір соманы тікелей банктегі депозитіне аударып, қаражат жинай алады. Кәсіпорын жұмысшының еңбекақысынан Отбасы банкіндегі депозитіне ақшаны автоматты түрде аударып отырады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының тұрғындары осы тәсілді белсенді қолданып, өз баспанасына қаражат жинап жатыр.
Сонымен қатар бизнес-форумда Отбасы банк «ӨзенМұнайГаз», «МАЭК-Казатомпром» компанияларымен «МТ 102» серіктестік бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, бүгінге дейін Отбасы банкінің «корпоративтік» өнімі 700 қазақстандықтың баспаналы болуына ықпал еткен. Ал қазіргі уақытта Маңғыстау облысында әрбір алтыншы тұрғын Отбасы банкінде өз үйіне қаражат жинап жатыр.
Махаббат Нұржанқызы