Ақтаулық мәнерлеп сырғанаушы Гаухар Наурызова Қазақстан ұлттық құрамасынан шығарылуы мүмкін екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
- Шілдеде федерацияның атқарушы директоры тиісті комитетке хат жолдап, мені ұлттық құрамадан шығарып тастауын сұрағаны туралы хабар келеді. Бұл шешім ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы заңына мүлдем сәйкес келмейді, - деп жариялады Гаухар Наурызова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Гаухар Наурызова және оның мәнерлеп сырғанау бойынша серіктесі Бойсангур Датиев президенттен және Қазақстан халқынан қолдау күтеді. Олардың айтуынша, осы күнге дейін федерация спортшыларға тіпті қаржылай да қолдау көрсетпеген.
- Біздің елімізде мұз айдынында мәнерлеп сырғанау спорты мүлдем кенже қалған. Біз елімізде мұз үстінде мәнерлеп сырғанау спортын дамытқымыз келеді. Біздің жұбымыз және спорттың бұл бағытын дамыту үшін федерация мен спорт министрлігінің қолдауы қажет деп санаймыз. Бірақ қазіргі федерация бізге көмектесуге тырысқысы келмейді. Бірлескен қызмет барысында біз федерациядан бірде-бір рет қолдау көрмедік, қаржыландыруға қол жеткізбедік, - деп атап өтті спортшылар.
Сондай-ақ, олар Датиевтің алты жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін және федерация бұған мүдделі емес екенін айтады.
- Қазақстанның бас бапкері әлем чемпионатынан кейін бізді штаттық құрамаға қабылдауға тырысты. Өткен маусымның барлық нәтижелері бойынша біз құрамада өнер көрсетуге лайықтымыз - дейді спортшылар.