Ақтау қаласында каратэ-додан «Mangystau open III» халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Өзбекстан мемлекетінен келген 16 командадан 400 адам бақ сынады. Маңғыстаулық спортшылар 21 алтын, 24 күміс, 32 қола медальмен командалық есепте бірінші орын иеленді.
Ал 2-орынды Алматы қаласының командасы алса, 3-орынды Атырау облысының командасы иеленді. Жалпы жарысқа өңірімізден 6 жастан 21 жасқа дейінгі 153 спортшы қатысты.
Жарыс ката және кумитэ бағдарламалары бойынша балалар, жасөспірімдер және кадеттер, ересектер арасында өтті.
Каратэден жастар бойынша Маңғыстау облысының аға жаттықтырушы Мирас Шамовтың айтуынша, «Mangystau open III» халықаралық турнирі Түркия елінде болатын 14-15, 16-17, 18-20 жас аралығында әлем чемпионатына іріктеу жарысының бірі.
- Әлем чемпионатына соңғы іріктеу жарысы тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында каратэ-додан «WKF NUR-SULTAN CUP» II халықаралық турнирі болып табылады. Рейтинг бойынша өзінің салмағында 1-орында тұрған спортшы әлем чемпионатына жолдама алады. Жалпы Манғыстау спортшылары 5-6 лицензия алады деп үміттенеміз, - деді Мирас Шамов.
Жарыс 28-31 шілде аралығында
«Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтті.