Басқұдық ауылында 53,6 шақырым жолға асфальт төселеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғынның жолдаған сауалына жауап берген Басқұдық ауылының әкімі Жамбыл Құрманов мәлімдеді.
Желі қолданушысы облыс әкімдігінің телеграм каналына Басқұдық ауылындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін және көшелердегі қоқыс ұзақ уақыт жиналмайтыны туралы шағым айтып сауалын жолдаған. Жауаптылар тұрғынның сауалына шұғыл жауап берді. Басқұдық ауылы әкімдігіндегілердің айтуынша, ауылішілік 53,6 шақырым жолды асфальттау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме анықталды.
Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал ауыл аумағында орналасқан жеке тұрғын үйлерге және заңды тұлғаларға келісім шартқа сәйкес қоқыс қалдықтарын шығару бойынша «Мұнайлы қызмет» ЖШС қызмет көрсетеді.
-Яғни, аталған мекеме өз міндетін орындамаса, тұрғындар одан бас тартып, басқа тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау мекемесiмен келiсiм-шарт жасақтауға құқылы, дейді жауаптылар.