Ақтауда тхэквондоның WTF түрінен «Каспий кубогы – 2022» республикалық ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Дүбірлі додада Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Маңғыстау құрамаларынан 180-ке жуық спортшы «Каспий кубогы» үшін таласқа түсті. Жарыстың ең жас қатысушылары небәрі 4 жаста болса, ең үлкені 17 жаста.
Жарыс қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының құрамалары – ІІІ орын, Қызылорда облысының құрамасы ІІ орын алды. Маңғыстау құрамасы үздік атанып, І орынды иеленді.
- Бұл – «Ғаламдық тхэквондо» федерациясы ұйымдастырып жатқан үшінші жарыс. Осыған дейін қалалық және облыстық деңгейде жарыстар өткізген болатынбыз. Жалпы әр жарыс – спортшы үшін үлкен тәжірибе, ұмытылмас эмоция. Бастысы көздеген мақсатқа қол жеткіздік. Бұйырса, келер жылы осы жарысты халықаралық деңгейге көтергіміз келеді. Оған толық мүмкіндік бар. Соған еңбектенеміз, - деді Маңғыстау облыстық «Ғаламдық тхэквондо» федерациясының президенті Сәттіғұл Абитов.
Бүгінгі таңда өңірде 600-ге жуық спортшы тхэквондо WTF спортымен шұғылданады. Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында арнайы жаттығу залдары бар.