11 шілдеден бастап, «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Маңғыстау облысындағы ауыл әкімдері мен филиалдардағы атқарушы хатшыларға «Табысты көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігін көтерудегі басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында дәріс жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Үш күндік оқудан олар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды үйренеді. Сондай-ақ, әлеуетті табысты бизнес-жобаларды ауылда іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді. Бір-бірімен танысып, ойлары мен идеяларын ортаға салып, алдағы уақытта бірге жұмыс істеу туралы келісім жасасты. Бұл оқу бағдарламасы ауылдар арасындағы байланысты арттырып қана қоймай, идея алмасуға да үлкен мүмкіндік болды.
"AMANAT" партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасайұлы ауыл әкімдеріне дәріс оқыған Байбакишева Ажар ханымға алғыс білдірді. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне партиямен бірлесе жұмыс жасап, депутаттармен байланыс орнату жөнінде ұсынысын айтып, оқуды табысты аяқтағаны жөнінде сертификат табыстады.