Бүгін, 14 шілдеде Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты bort_01 телеграм арнасына сілтеме жасап.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Президенттің айтуынша, облыста халық саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынбаған. Жұмыс орындары ашылмаған. Тұрмыс сапасы төмендеп кеткен.
- Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ, Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде, - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірдегі мұнай саласының ахуалы алаңдатып отырғанын айтып өтті.
- Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.