Қазақстан полициясымен қатар жасап келе жатқан Полиция капитаны Тайман Аңшыбаев, Ақтау қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонында қызмет етеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ол – 1992 жылы 3 қаңтарда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Қарағанды қаласында заңгер мамандығын тәмәмдап, бүгінде туған өлкесіне қызмет етуде.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2014 жылы жол-патрульдік полиция қызметінің қызмет инспекторынан бастаған ол, сегіз жылдан бері осы саланы тізгіндеп, қызметін жан-жақты білетін тәжірибелі қызметкер ретінде танылған. Қазіргі таңда патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары лауазымында қызмет атқарады.
Патрульдік полиция батальоны басшылығының қарамағында облыс орталығындағы жол қауіпсіздігі мен тәртібіне жауап беруші 200-ден астам жол сақшысы бар. Олар үш ауысым бойынша жұмыс істейді.
ППБ командирінің орынбасарының жұмыс күні таңертеңгі ауысымға жауапты қызметкерлерге саптық жиын өткізумен басталады. Ол өткен ауысымды қабылдап, қызметкерлерге тапсырма беріп, қала аумағын өзі де патрульдеп, түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға атсалысады.
Патрульдік полиция – бұл сыртқы қызмет маманы, халыққа ең жақын және азаматтар қиындыққа тап болған кезде ең алғашқы болып көмек көрсететін сақшылар. Сонымен қатар, азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімі – ең алдымен осы қызмет иелеріне байланысты.
Міндеттерінің көптігіне және жауапкершілігі мол қызмет екеніне қарамастан, Тайман Мұстафаұлы өз кәсібін жақсы көреді және мақтан тұтады. Қаңтар басындағы 30 жасқа толған туған күнін де ол жақындары мен достарының арасында емес, “Қаңтар оқиғасына” байланысты халық толы алаңда қарсы алғандығын күліп еске алады.
- Ең бастысы - халқымыздың амандығы, өңіріміздің тыныштығы. Басымыз аман болса, Қазақстан полициясымен бірге 100 жасты да бағындырармыз. Басты ұстанымымыз - елге адал қызмет ету, - дейді полиция капитаны.