Маңғыстау облысындағы «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өңірге танымал гитарашылардың қатысуымен «Биіктік» атты мәдени-сазды кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Бүгін мұнда аймаққа аты шыққан, гитарашы өнерпаздар келіп отыр. Ал Қазақстанның ең танымал, ең талантты гитарашы бард әншісі Табылды Досымов деп білеміз. Сол ағамыздың «Биіктік» әнін негізге алып және Маңғыстаудың биігі Отпан таудың бауырында болып жатқасын, бүгінгі кештің атын «Биіктік» деп қойдық, - дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шараны «Адай ата – Отпан тау» кешені мен Жыңғылды ауылының Мәдениет үйі бірлесіп өткізді. Өнер жолында жүрген Айгүл Құбаш, Алпысбек Оңайбайұлы, Ақылбек Жұмалы, Рафхат Ізден, Гүлайым Қожантайқызы, Нұрбақыт Балшыоразов, Айшуақ Тайманұлы, Жомарт Маратов сынды өнерпаздар арнайы шақыртылған.
М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның қызметкері, «Ақ шағала Band» ансамблінің жетекшісі Рафхат Ізден композитор Марат Ордабаевтың «Досқа наз» әнін орындады. Табылды Досымовтың даусымен тыңдап қалған «Ұнатамын мен сені», «Кешіккенің қайткенің», «Алматыда қалған қыз» әндерін Айгүл Құбаштың шырқағанда, өнерсүйер қауым елең етті. Айгүлдің көрермен сұрауымен орындаған, сазын – Айгүл Бажанова, сөзін Ерлан Жүніс жазған «Ұялдым» әні де көпшілікті ұйытып тастады.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазы Алпысбек Оңайбайұлы өзінің авторлық туындысы «Жыңғылды» әнін әуелетті. Бұл ән алғаш рет Отпан тауда айтылып, тұсауы кесілді. Ал Маңғыстау облыстық Өнер колледжінің 2-курс студенті Жомарт Маратов Бораштың «Дауылпазын» айтса, Нұрбақыт Балшыоразов Табылдының «Сәйгүлігіне» салды.
Көрермендер де әншілерге әртүрлі сұрақтарын, ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, бір көрермен соңғы кезде алты ішекті гитара кең тарап, жеті ішекті гитараны ешкім тартпай кеткенін айтып, соны неге қайта жаңғыртпасқа деген әңгіме қозғады. Бұған гитараның құлағында ойнайтын Рафхат Ізден жауап берді: «Жеті ішектінің қолданылмай кеткені рас. Оны тартып білетіндердің ең жас дегендері 50-60-ты алқымдады. Алайда гитараның бұл екі түрінің тек ішек саны мен бұрауы басқа демесең, екеуінің дыбысы, аспаптық потенциалы бірдей. Сондықтан бұл жерде өнерді ақсататындай мәселе жоқ, - деді.
Отпан таудың қаладан, аудан орталықтарынан қашық екенін ескерсек, іс-шараға келген тыңдарманның қарасы аз болған жоқ. Халықтың мағыналы әндерге шөлдегені байқалды. Тіпті сценарийдегі әндердің бәрі біткеннен кейін де тарамай, ән сұрады. Көрерменнің арасынан да көпке көрінбей жүрген, танылмай жүрген таланттар шығып ән салып, тыңдармандарды тағы да тәнті қылды. Бір сағатта бітуге тиіс ән кеші 2-3 сағатқа ұласты. Күн жарығымен келген өнерсүйер қауым, Ай жарығымен ауылға қайтты.
- Бұл іс-шара "Адай ата — Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінің жылдық жоспарына сәйкес өтіп отыр. Мақсатымыз – «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай ақын айтқандай, есер әуен әуелеп тұрған қазіргі уақытта елді есті әндермен сусындату, - дейді «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніндегі тарих бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Кәдірбаев
Айта кетейік, Маңғыстаудың бірден-бір тарихи-мәдени орталығы Отпан тау етегінде мұндай көпшілік шара жиі болып тұрады. Жолдың шалғайлығына, уақыттың тапшылығына қарамай көрермендер де келіп жатады. Бірақ, «Шетпе – Таушық» тас жолынан Отпан тауға дейінгі аралықтағы «соқтықпалы соқпақты» қара жол, жақын жерді тағы да алыстата түседі екен. Бұл жаққа сапарлаған жолаушылардың осы жолға асфальт төселсе деген тілегі бар.