Әскерге шақыру жұмыстары 1 наурыз күні басталды. Осы уақыт ішінде 300 маңғыстаулық Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жұмылдыру басқармасының бастығы Қонысбек Қаниев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Әскерге шақыру жұмыстары 1-наурыздан бастап 1 шілдеге дейін жалғасады. Жалпы 18 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақыруды кейінге қалдырған немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар шақырылады. Алдағы уақытта ҚР Ұлттық Ұланға тағы 200 адамды толықтыру жоспарланып отыр, - деді Қонысбек Қаниев.
Мұнайлы ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Еркін Алпанов шақыру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып өтті.
- Әскерге шақырылушыларды SMS хабарламалар тарату, сондай-ақ үй және қызметтік мекенжайлары бойынша жеке шақыру қағаздарын жолдау арқылы хабардар етеміз. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша аудандық әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
-Әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
-Әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
-Әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
-Әскери міндеттілікті атқарудан босатылсын, деген шешімдердің бірін қабылдайды,- деді Еркін Алпанов.
Жалпы әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады. Олар азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Аталған қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.
Әскери ведомство өкілдерінің айтуынша, өңірде денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз жастар аз. Десе де ЖОО-ға түсу себебінен әскерге баруды кейінге қалдырған жастар саны айтарлықтай өскен.