5 маусым күні республика көлемінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» референдум өтеді. Маңғыстау облысында референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де ашылып, кешкі сағат 20.00- де жабылады. Референдумға қатысуға құқығы бар Маңғыстауда облысында 405 662, Ақтау қаласыда 149 979 азамат тіркелген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша барлығы 231 учаске жасақталған, оның ішінде 14-і жабық учаске.
- Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша дауыс беру бюллетеньдері күнтізбелік жоспарда белгіленген мерзімде дайындалды. Учаскелік комиссияларға тапсырылды, ішкі істер органдарының қорғауында тұр. Барлығы 231 учаскеде дауыс беру бюллетеньдерін салатын жәшіктер дауыс беру кабиналарымен, жиһаздармен, техникамен, канцелярлық құжаттармен қамтылды. 217 учаскеде ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бұрыштар жасақталды. Осы адамдар үшін барлық мүмкіндік қарастырылды. Дауыс беру үй-жайларының барлығы ақпараттық материалдармен жабдықталды. Бүгінгі күні азаматтардың өтініші бойынша дауыс беру құқығын беретін 149 куәлік берілді. Облыстың барлық референдум учаскелері республикалық референдум өткізуге дайын, - деді Маңғыстау облыстық референдум комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов.
Егер учаскеде өзіңізді рефрендумға қатысуға құқы бар азаматтардың қатарынан таба алмасаңыз учаскедегі сервистік орталыққа жүгінуге болады. Айта кететін жағдай, Маңғыстау облысының аумағында референдумға тек қана осы өңірде тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген азаматтар ғана қатыса алады.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысы бойынша 1681 учаскелік референдум комиссиясы тіркелген.